Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер «Үлгілі жүргізуші» акциясын өткізді. Аты айтып тұрғандай, бұл шара арқылы жолдағы заң мен тәртіпті қатаң сақтайтын жүргізушілер анықталды.
АЙДЫН ҚАБДҰЛДИНОВ, СҚО ПД бастығы:
— Бұл – жол қауіпсіздігіне бейжай қарамайтын азаматтарды біріктіруге бағытталған маңызды қоғамдық бастама. Біз бірлескен күш-жігер арқылы ғана қауіпсіздікті қамтамасыз ете аламыз.
Айдын Қабдұлдинов өз сөзінде жол қозғалысына жауапты ұйымдардың, жастар ресурстық орталығының, журналистер мен блогерлердің, дәрігерлер мен педагогтердің және апаттық жағдайларды азайтуға күш салып жүрген өзге де азаматтардың рөлін атап өтті.
Басқосу барысында Сұлтан Асқаров, Серік Сексенов, Александр Снурницын, Раиль Қабиев сынды үздік жүргізушілердің аты-жөні аталып, марапатқа ие болды. Бұларға қатысты бірде-бір әкімшілік хаттама толтырылмапты. Сонымен қатар, олар жол қауіпсіздігін арттыруға белсенді үлес қосып жүр. Мысалы, жауапты жерлестеріміз жолда мұз қату, қар құрсауы, қаңғыбас малдың шығуы сияқты қауіп-қатерді дер кезінде жүргізушілер чаттарына және полицияға хабарлап отырады екен.
СЕРІК ӘЛЖАНОВ, СҚО ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы:
— Бұл акцияда жүргізушілер, мектеп директорлары, білім беру ұйымдарының басшылары және жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге белсенді қатысып жүрген азаматтар марапатталды. Барлық тұлғаларды күн сайын үлгілі болып, жол қозғалысы ережелерін сақтауға шақырамыз.
Кездесуде су тасқыны мен боран кезінде патрульдік полицейлердің жұмысы және төтенше жағдайларда адам құтқару туралы бейнеролик көрсетілді. Осы тақырыпқа арналған фотокөрме «Qyzyljar» креатив орталығының холында ұйымдастырылды. Шара талантты тәртіп сақшыларының концертiмен аяқталды. Сонымен қатар, акция күні полицейлер жол қозғалысы ережелерін бұзбаған жүргізушілерді тоқтатып, оларға алғыс ретінде сыйлықтар табыстады.
Байболат Құлтанов