Қоғам

Жеке тұлғалардың шоттары тексеріледі

Қазақстанда жаңа Салық кодексі қабылданбақ! Өзгеріс қарсаңында СҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті үгіт-насихат жұмысын күшейтті. Келер жылдан бастап ломбард қызметімен, ойын бизнесімен айналысатындар, лоторея ұйымдастыратындар, мұнай өнімдерін сататындар үшін салықтың көлемі артады. Яғни, олар қазынаға қазіргіден көп ақша аударады. Көлік салығына қатысты да өзгерістер бар. Енді темір тұлпардың шығарылған жылына қарай салық көлемі азаяды. Егер мүліктің шыққанына 10 жылдан асса – салық 30 пайызға, 20 жылдан асса – 50 пайызға төмендейді. Сонымен қатар, жеке тұлғалардың банк шоттары да бақыланатын болады.

НАТАЛЬЯ НЕКРАСОВА, СҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басқармасының басшысы:

— Келесі жылдан бастап жеке тұлғаларға қатысты шарттар күшіне енеді. Олардың шын мәнінде кәсіппен айналысып жүр ме, жоқ па екені анықталады. Егер адамның есепшотына бір айда 100 немесе одан да көп әртүрлі адамнан ақша келсе немесе түсім ең төменгі 12 жалақыдан асса, тексеріс жүргізіледі. Банк ақпаратты автоматты түрде арнайы мамандарға жібереді. Түсім жеке себептермен түссе, тұлға растау құжаттарын көрсетуі қажет. Сонда ғана азамат салықтан босатылады.