Қазіргі таңда ас беру міндетке емес бәсекеге айналып бара жатыр.Торқалы той мен топырақты өлімнің аражігін ажыратудан қалдық па ? Бұл үлкен мәселе. Осыған байланысты биыл ҚМДБ (Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы ) Астанада өткен 6-шы имамдар форумында ас беру тәртібі мен мәзірін бекітті. Бұл құжатта 6 тағамның түрі бар. Оның ішінде нан өнімдері, ыстық тамақ, шай мен су, тары-талқан, сары май, қант, кәмпитті көруге болады .
ХАМЗАТ ӘДІЛБЕКОВ, СҚО бас имамы:
— Адамдар жағдайына қарамай ысырапшылдыққа жол беріп жатады. Әсіресе жиындарда отырған кезде көріп жатамыз астың мәзірі тойдағы ас мәзірінен еш айырмашылығы болмай қалды. Жалпы, осы жаназаға жиналған жиындарда бір айырмашылық болуы керек, ысырапшылдыққа берілмеу керек. Ол жердегі негізгі мақсат – келген адамды күтіп алып, тамақтандыру ғана, ал арттық мәзірлерге жол жоқ.
Ал бекітілген бұл ереже теріскейде сақталып жатыр ма? Осы жайында ас беру орнының әкімшісі Талғат Иманғали өз пікірін білдірді. Айтуынша, олар ас мәзірі бойынша қызмет көрсетеді әрі астың адалдығын да тексереді.
ТАЛҒАТ ИМАНҒАЛИ, ас беру орнының әкімшісі:
— Ол жайлы ескертіп айтамыз, барлығы халал талаптарға сай болуы тиіс. Сонымен қатар, нақты ҚМДБ бекіткен имам келуін де ескереміз. Ас мәзірінде бекітілген бауырсақ, шелпек , бешбармақ, күріш, тары-талқан, тәттілерден қант немесе кәмпит, су және шай келеді. Біз сол бойынша тізім ұсынамыз, адамдар осыны ескеруге тырысады.
Өңірдің дін қызметкерлері ысырапшылдықты болдырмау мақсатында бекітілген ережелер мен ас мәзірін жамағатқа жеткізу үстінде. Бұл ас беру кезінде аста-төк дастарханның жайылуына тосқауыл болмақ.
Ұлан Ыдырыс