БалаларБілім

Петропавлда “Зерде” республикалық зерттеу жұмыстарының байқауы өтті

Ел болашағы білімді жастардың қолында! Петропавл қаласының №28 орта мектебінде “Зерде” республикалық зерттеу жұмыстары байқауының облыстық кезеңі өтті. Осымен 20-шы рет ұйымдастырылған білімпаз балалар сайысына өңіріміздің 13 ауданынан келген оқушылар қатысты. 2-7 сынып аралығындағы шәкірттер 12 бағыт бойынша сынға түсті.

ЖҰЛДЫЗАЙ ИМАНБЕКОВА, “Қызылжар дарыны” дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығының әдіскері:

— Бұл жобаға 245 оқушы қатысып жатыр, 200 жұмыс қорғалуда.

Дәстүрлі сайысқа қатысушылардың қатарында Арсен Сапарғали де бар. Ол Мамлют ауданындағы Бексейіт орта мектебінен келіп отыр. 11 жастағы жеткіншек жақсы оқиды, алгебра және информатика пәндерін ұнатады екен. Оның жобасы “Dialect.Kz” деп аталады. Жерлесіміз ойлап тапқан қосымшаны ұялы телефонға жүктеп, еліміздің аймақтарындағы диалект сөздерді анықтауға болады.

АРСЕН САПАРҒАЛИ, Бексейіт орта мектебінің оқушысы, Мамлют ауданы:

— Біздің мектепте оңтүстіктен келген ұстаз бар еді. Біз оның кейбір сөздерін түсінбедік. Ол диалект сөздер арқылы ойын жеткізген. Сосын қосымша ойлап табу жөнінде ой келді. Жобамды аудандық кезеңде қорғап, жеңімпаз атандым. Бірақ, біз көне сөздер мен диалект сөздерді сақтауымыз керек.

Байқаудың нәтижесі бойынша жүлделі орын алған оқушыларға сыйлықтар мен мадақтамалар беріледі. Ал жеңімпаздардың жұмыстары республикалық кезеңге ұсынылады. Айта кетейік, ақтық сын ақпан айына жоспарланған. Әзірге қай қалада өтетіні белгісіз.

 

Ұлан Ыдырыс