Балалар

Петропавлда балаларды ерте қолдау кабинеті ашылды

Петропавлдағы психологиялық кеңес орталығында балаларды ерте қолдау қызметінің кабинеті ашылды. Бұған дейін мұнда тек психологиялық көмек көрсетіліп келді. Енді ата-аналар үш жасқа толмаған сәбиінің дамуында қандай да бір олқылық байқаса, осы орталыққа жүгіне алады. Жаңа кабинет талапқа сай жабдықталған. Мамандар арнайы оқыту курсынан өткен.

АННА ЛЕВИНА, СҚО психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес орталығының дефектолог-мұғалімі:

Егер бала 3 жасқа дейін дұрыс жүріп-тұрмаса, сөйлемесе немесе мінез-құлқында қандай бір ерекшеліктер байқалса, ата-аналар бізге келе алады. Әр баламен жеке жұмыс істейміз. Көбінесе ата-аналар балаға әлі сөйлеуге ерте деп елемей жүреді. Осылайша, балаларының құрдастарынан артта қалып келе жатқанын байқамай да қалады. Сол себепті, баланың ерте жастан дамуына назар аударған жөн. Өкінішке қарай, жылдан-жылға дамуында ақаулығы бар балалардың саны артып барады. Оған әрине неше түрлі фактор әсер етеді.

Ерте қолдау кабинетінің жұмысы баланы ойын арқылы оқытуға бағытталған: мұнда арнайы физикалық, ойын және оқу аймақтары бөлек ұйымдастырылыған. Әр аймақта дефектолог пен психолог жұмыс істейді. Мамандар балалармен ойнап отырып, олардың дамуын тездетуге және дағдыларын қалыптастыруға көмектеседі. Қала тұрғыны Ольга Емченко 2 жастағы ұлын осы орталыққа әкеліп жүр. Айтуынша, мамандар жүргізген жұмыстан нәтиже бар.

ОЛЬГА ЕМЧЕНКО, қала тұрғыны:

—  Ұлым 2 жаста. Орталық мамандары баламмен біраз жұмыс істеді. Сөйлеуге құлықсыздық танытып, сөзімді тыңдамай, оғаш мінез көрсететін. Қазір ем-домның оң нәтижесін байқап жүрміз. Жаңадан құрылған ерте қолдау қызметіне де жазылып қойдым.

Психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес орталығында 6 маман жұмыс істейді. Алтауы жыл басынан бері 30-дан астам бала қабылдаған. Бір курс 3-4 айға созылады. Кезекте әлі 20-ға жуық бала бар. Айта кету керек, сабақтардың барлығы тегін түрде жүргізіледі.

 

Мәдина Қаби