Демалыс күндері Әлихан Бөкейханов атындағы қалалық №25 мектепте спорт лигасы бастау алды. Жарысқа қатысушылар – әдеттегідей кәсіби спортшылар емес, аталған білім ұясы оқушыларының ата-аналары. Олар енді мамыр айына дейін үш спорт түрі бойынша мықтыны анықтайды.
ЖҰЛДЫЗ ХАСЕНОВА, қалалық Ә.Бөкейханов атындағы №25 мектептің директоры:
— Ата-аналар әр сенбі-жексенбі сайын волейбол, тоғызқұмалақ және арқан тартыс бойынша сайысатын болады. Бұл – мектепішілік дода. Жеңімпаз команда қомақты қаржылай сыйлыққа ие болады.
Алдымен қатысушылар волейболдан кім мықтыны анықтады. Алаңға бірінші және үшінші сынып оқушыларының ата-аналары шықты. Ойын тартысқа толы болды. Тордың екі жағындағы командалар бір-біріне дес бермеді. Мүмкіндікті ұтымды пайдаланып, қарсыластың алаңына допты шегеше қадады. Жойқын соққылар мен қарсы тосқауылдар жарыстың көркін қыздырды.
САМАТ ТАЕВ, жарыстың бас төрешісі:
— Лигага барлығы – 23 команда тіркелген. Барлығы жеңістен үмітті. Игі дәстүрден жаңылмай, жыл сайын мұндай бәсекелерді өткізіп тұрамыз.
Ал мына бір кабинетте тоғызқұмалақ сайысы өтіп жатыр. Қатысушылардың арасында аталған спорт түрімен бұрыннан айналысатындары да, енді ғана меңгергендері де бар.
ЖАНАРГҮЛ МӘДИЕВА, ата-ана:
— Біз бұл сайыс арқылы балаларға үлгі көрсетеміз. Салауатты өмір салтын ұстануға шақырамыз. Сонымен қатар, өзімізге жаңа таныстар мен достар табамыз.
Бәрінен бұрын арқан тартыс бәсекесі қызыққа толы болды. Сайыстың бір ерекшелігі – құрама 3 ер мен 3 әйел адам болу керек. Айта кету керек, ұйымдастырушылар мұндай бәсекелерді облыс көлемінде өткізуді жоспарлап отыр.
Нұрасыл Ахмет