ТЖ

Оқу-жаттығу: Петропавл теміржол вокзалында өрт шықты

 ЖАНГЕЛДІ ЖАМАЛИЕВ, тілші:

— Біз шұғыл түрде Петропавл теміржол вокзалына келдік. Мұнда өрт шықты деген хабар тарады. Қазір оқиға орнына жақындауға тырысамыз. Өзіміздің көзіміз шалғандай, тілсіз жаумен күресетін мамандар жылдам қимылдап, от тұтанған жаққа бағыт алуда.

Шын мәнісінде, алаңдауға еш негіз жоқ. Петропавл теміржол вокзалында жоспарлы оқу-жаттығу жиыны өтті. Мұндай жерде халық көп жүреді, түрлі зат тасымалданады. Яғни, қауіп жоғары. Ал құтқарушылар мен қызметкерлер төтенше жағдайдың кез келген түріне дайын болуы тиіс. Сценарий бойынша от жүк сақталатын бөлімшеден шықты. Кенеттен сымдардың қысқа тұйықталуы орын алып, жалын бас көтерген. Тілсіз жаумен күреске 40-қа жуық адам тартылыпты.

БОЛАТ ЖҰМАЖАНОВ, қалалық ТЖБ бастығының орынбасары:

— Қаланың бөлімдерінен 3 бөлім жұмылдырылды. Жеке құрамнан 39 адам және 6 техника қатысты.

Мұндай сәтте өртті сөндіру – басты міндет. Халықтың амандығы да ұмыт қалмауы тиіс. Құтқарушылар жалын аумағын оқшаулап, адамдарды қауіп аймағына жібермеді. Жалпы, түтін тараған төңіректен 200-ге жуық адам қауіпсіз жерге шығарылды.

НИКОЛАЙ НАУМЕНКО, Петропавл теміржол вокзалы өрт сөндіру командасы бастығының орынбасары:

— Қойылған тапсырма ойдағыдай орындалды. Оқу-жаттығу барысында әр бөлімшенің өзара әрекеті тексерілді. Жігіттер жарады десем болады. Үйлесімді әрекет етудің арқасында от сөндірілді, адамдар бірден сыртқа шығарылды.

Петропавл теміржол вокзалында заманауи техниканың да мүмкіндігі тексерілді. Мысалы, су шашатын құтқарушылар 18 қабатқа дейін көтеретін жедел сатыға мініп, аумақты бақылауға алды.

 

Жангельді Жамалиев