БілімҚоғам

Назарбаев Зияткерлік мектебіне – 10 жыл

Петропавлдағы Назарбаев Зияткерлік мектебіне – 10 жыл. Мерейтойға орай білім ордасының қабырғасында конференция өтті. Шараға “Халықаралық сапа стандарттары мен цифрлық технологияларды мектептің білім беру жүйесіне интеграциялау” тақырыбы арқау болды. Басқосуға ауылдағы оқу орындарының ұстаздары арнайы шақырылған. Оларға Астанадан келген білікті мамандар дәріс оқыды.

ЖАНБОТА ҚАБДЫКӘРІМОВА, “Назарбаев Зияткерлік мектептері” ДББҰ төрағасының орынбасары:

— Еліміздегі Зияткерлік мектептердің бәрінде цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект кеңінен қолданылуда. Биыл біз “Beyim.AI” платформасын іске қостық. Оның көмегімен оқу процесі қызық өтеді. Ұл-қыздар физика, химия, биология және математика пәндері бойынша барлық сұраққа жауап ала алады. Сонымен қатар, түрлі тесттерді де орындап, өзінің білім деңгейін тексереді. Бұл жастардың оқуға деген құштарлығын ашатыны сөзсіз.

Назарбаев Зияткерлік мектебінен 10 жылдың ішінде 750-ден астам оқушы түлеп ұшты. Олардың барлығы әлемнің және еліміздің беделді университеттерінде білім алды. Талай мәрте халықаралық және республикалық байқауларда топ жарды. Айта кету керек, қазіргі таңда Назарбаев Зияткерлік мектебінің өкілдері ауыл мектептеріне барып, тәжірибесімен бөліседі. 10 жылдың ішінде толағай табысқа жеткен білім ұясының жүйесі жетістіктерге жетелейді.

СӘУЛЕТ МҰҚАНОВА, жаратылыстану-математика бағытындағы НЗМ директорының орынбасары:

— Әр ауданда тірек мектептеріміз бар. Осы арқылы облыстағы білім сапасын жақсартқымыз келеді.

Өткенді еске алмай, бүгінге аяқ басу мүмкін емес. Шараға мектептің негізін қалаған, алғашқы директоры Гүлфарида Раисова арнайы келген. Ұстаздың сөзінше, оқу орнына әр ауданның ең білімді деген жастары түскен.

ГҮЛФАРИДА РАИСОВА, жаратылыстану-математика бағытындағы НЗМ-ның алғашқы директоры:

—Бізге келген оқушылардың арманы – өз ауылдарын дамыту болды. Бүгін олар шараға келіп отыр. Қазір армандарының қай сатысына жеткенін сұрайтын боламын.

Қазіргі таңда өңіріміздегі ең беделді білім ұясында 700-ден астам оқушы білім алады. Оларға 100-ге жуық ұстаз тәлім береді. Мұндай қарқынмен аталған мектеп әрі қарай да қарыштап дамитыны сөзсіз.

 

Нұрасыл Ахмет