НҰРАСЫЛ ЕРЖАНҰЛЫ, тілші:
— Сақ болыңыз! Облыста Гонконг тұмауы тарап жатыр. Өкінішке қарай, күн сайын аталған вирусты жұқтырған жандардың саны артуда. Оның басым бөлігі – балалар. Осыған байланысты облыстағы кейбір білім ұялары қашықтықтан оқытуға көшкен. Мәселен, Мағжан Жұмабаев атындағы IT-мектеп-лицейінде 6 бірдей сыныптың оқушылары үйлерінде білім алуда.
АЙСҰЛУ БАЯЗИТОВА, М.Жұмабаев атындағы IT-мектеп-лицейі директорының міндетін атқарушы:
— Мектебімізде 120-дан астам оқушы қашықтықтан оқытуға көшті. Сыныптағы балалардың 40 пайызы тұмаумен ауырса, бірден онлайнға көшіреміз.
СҚО-да тұмаудың өршуіне байланысты мыңнан астам оқушы қашықтықтан оқыту форматына көшірілді. Оның 80 пайызы – қала мектептерінде білім алатын ұл-қыздар. Қалғаны Айыртау және Тимирязев аудандарынан. Қалғандары санитарлық норманы сақтай отырып, дәстүрлі форматта тәлім беріп жатыр. Тәжірибесі мол ұстаз Анаргүл Шаукірованың сөзінше, қашықтықтан оқытудың өзіндік қимындықтары бар.
АНАРГҮЛ ШАУКІРОВА, М.Жұмабаев атындағы IT-мектеп-лицейінің бастауыш сынып мұғалімі:
— Балаларды “Zoom” платформасы және “Whatsapp” арқылы оқытып жатырмыз. Бірақ, оқушылар кейбір тапсырмаларды түсінбей жатыр.
Облыста жыл басынан 19 мыңға жуық адам ЖРВИ-мен ауырған. Бір аптаның ішінде вирустың 4 мың 400 фактісі тіркелді. Сонымен қатар, өңірде өкінішке қарай H3N2 деп аталатын атышулы Гонконг вирусы да тарап барады.
— СҚО-да Гонконг тұмауының 45 фактісі анықталды. Бұл вирус жылдам тарайды. Оның басты белгілері – жоғары температура, құрғақ жөтел және әлсіздік. Сол себепті, тұмау жұқтырған жандар дерт одан әрі күшейіп кетпес үшін бірден медициналық көмекке жүгінуі қажет, – деп мәлімдеді СҚО санитарлық-эпидемологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметі.
Мамандардың айтуынша, мектептердің қашықтықтан оқытуға көшуі вирустың таралуын бәсеңдетіп, оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Нұрасыл Ахмет