Аптадағы маңызды жаңалықтарҚоғам

Жабылуға шақ қалған ауылға екінші өмір сыйлаған кәсіпкер

МӘДИНА ҚАБИ, тілші:

— Біз қазір Аққайың ауданына қарасты Борки ауылында тұрмыз. Бұл – жаңадан салынған шағын спорт кешені. Елді мекеннен бірнеше жыл бұрын ауыл тұрғындарының басым бөлігі көшіп кеткен. Халық саны азайып, ауылдың толықтай жабылу қаупі туындаған. Алайда, жергілікті кәсіпкер мәселені өз қолына алып, ауылды қайта жандандыру жұмысын бастады.

Борки ауылының тарихы ғасырдан асады. Бұрын мұнда жүзден астам үй болған. Алайда, мектептің 10 жыл бұрын жабылуы тұрғындардың жаппай көшуіне әкелген. Одан бөлек, жолдың нашарлығы да бар. Ауылдағы ағайынға жағдай мен жұмыстың жоқтығынан қалаға көшулеріне тура келген. 2010 жылы елді мекенде жергілікті кәсіпкердің әулеті мен тағы 1-2 үй ғана қалады. Содан бері ауылды жандандыру мақсатында біраз жұмыс атқарылған.

АЛТЫНСАРЫ ИСМАҒҰЛОВ, кәсіпкер, Аққайың ауданы:

— 100 бас қара малымыз бар. Қой және жылқы да бар. Жұмысшылар қыстыгүні жұмыс істесін деп машина-трактор шеберханасын істедік.

Агроқұрылымның 6 мың гектар жері бар. Биыл мол өнім алған. Алтынсары Исмағұлов тек өзінің кәсібін ғана дамытпай, елді мекенді де көркейтіп жатыр. “Бір кездері тіршілігі қайнап тұрған ауылдың жабылуға шақ қалғаны жүрегіме батты”,- дейді.

АЛТЫНСАРЫ ИСМАҒҰЛОВ, кәсіпкер, Аққайың ауданы:

— Өскен жерім бәрібір ыстық. Ауылда рахат қой. Тұрған жері де жақсы, әдемі.

Исмағұловтар әулеті бірлесіп 2021 жылдан бері ауылға 7 үй салған. Оның 4-еуі биыл бой көтерді. Ауылда 30 адам тұрса, соның барлығы кәсіпкердің қарамағында еңбек етеді. Кәсіпорындағы әр жұмысшы айына кем дегенде 300 мың теңге алады.

БОЛАТ ҚАБДУЛЛИН, Борки ауылының тұрғыны, Аққайың ауданы:

— Мен бұл серіктестікте қыркүйектен бері істеп жатырмын. Отбасым Петропавлда тұрады. Басшылық екі бөлмелі үй берді. Тұру тегін, барлық жағдай жасалған. Суы ішінде, пеш жағып қиналмайсың. Үйлер орталықтандырылған жылуға қосылған. Жаңа жиһазбен қамтылған. Жалақым да жақсы. Келешекте отбасымды осында көшіріп алғым келеді.

Ауылда тұрамын деген адамға мұнда тегін үй беріледі, жұмыспен қамтылады. Алтынсары Исмағұловтың айтуынша, әлі де мұнда тұрақтап қалатын отбасылар жетіспейді. Кәсіпкер тарапынан қолдау зор. Алдағы уақытта ауылішілік жолды реттеуді жоспарлап отыр.

 

Мәдина Қаби