Қоғам

Уәлиханов ауданында орақ науқаны аяқталды

Уәлиханов ауданы өңірімізде алғашқылардың бірі болып орақ науқанын аяқтады. Биыл аудан диқандары жемісті еңбек етті. Барлығы – 207 мың гектардан астам аумаққа дән сіңірді. Оның 126 мыңы дәнді және дәнді бұршақты дақылдарға арналған. Мол өнім алу мақсатында серіктестіктер 18 мың тоннадан астам минералды тыңайтқыш пен 1 млрд теңгеге 170-тен астам су жаңа техника сатып алды. Күзгі жиым-терім жұмыстарының нәтижесімен өңірлік коммуникациялар алаңында аудан басшысы Мұрат Абдулов бөлісті. Атқамінер брифинг барысында ауданның даму қарқынына кеңінен тоқталды.

МҰРАТ АБДУЛОВ, Уәлиханов ауданының әкімі:

— Дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар алқабынан 186 мың тонна өнім алдық. Орташа шығымдылық 14,7 центнерді құрайды.

Ауданда 18 мың гектар игерілмей жатқан жер мемлекет меншігіне қайтарылып, пайдалануға берілген. Биыл 3 ауылға сапалы интернет тартылған. Аудандағы әр елді мекен таза ауыз сумен қамтылыпты. Сонымен қатар, 160 шақырымға жуық жол жөндеу көрген. Бұл игі жұмыстардың арқасында ауданға қоныс аударушы отбасылардың саны артқан.

МҰРАТ АБДУЛОВ, Уәлиханов ауданының әкімі:

— Жыл басынан ауданға оңтүстік өңірден 25 отбасы көшіп келді. Сонымен қатар, ауылдарымызға 24 қандас қоныс аударды. Оларға жергілікті әкімдік тарапынан зор қолдау көрсетілді. 

Өндіріс, денсаулық сақтау, құрылыс, әлеуметтік сала. Әкімнің сөзінше, бұлардың барлығында алға жылжу бар, жетістіктер де жетерлік. Мұрат Абдулов әр пікірін санмен дәлелдеді. Ауданда 250 млн теңгеге мәдени нысандар жөндеу көрген. Сонымен қатар, ендігі жылы құны 500 млн теңгеден асатын 2 спорт сарайы қолданысқа беріледі. Айта кету керек, аталған аймақта білім саласына да ерекше көңіл бөлінген. Бұл саналы ұрпақ тәрбиелеуге зор үлесін қосатыны сөзсіз.

МҰРАТ АБДУЛОВ, Уәлиханов ауданының әкімі:

— Қулыкөл ауылындағы М.Әуезов атындағы орта мектеп күрделі жөндеу көреді. Маңызды жұмысқа 558 млн теңге жұмсалады. Кішкенекөл ауылындағы білім ұясына су жаңа қазандық қойылды.

Сұрақ-жауап кезінде атқамінерге жалғыз сауал қойылды. Кішкенекөл ауылында олимпиадалық стандартқа сай келетін бассейн салынып жатыр. Нысан 2024 жылы қолданысқа берілуі керек болатын. Бірақ, мердігердің жауапсыздығының кесірінен маңызды іс әлі күнге дейін соңына дейін жетпеген.

МҰРАТ АБДУЛОВ, Уәлиханов ауданының әкімі:

— Мердігермен соттасып, жеңіп шықтық. Конкурс жарияладық. Шешімі 3-ші желтоқсан күні шығады. Бір ай көлемінде аяқталатын жұмыстар қалды.

Мұрат Тоқмағанбетұлының сөзінше, ауданда спорттың дамуына тың серпін беретін нысан келер жылдың басында есігін айқара ашады.

Нұрасыл Ахмет