Ғ.Мүсірепов ауданының орталығы Новоишимское ауылында жылу тарифі бақандай 36 пайызға төмендеген. Бұрын 1 шаршы метр үшін 372 теңге болса, қазір құны 236 теңгені құрайды. “Бұған жаңа мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынның қайта құрылуы мен жылу инфрақұрылымын жаңарту жұмыстары себеп болды”, – дейді өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында есеп берген аудан басшысы Руслан Аңбаев. Атқамінердің сөзінше, биыл аталған аймақта ауыз толтырып айтатындай жетістіктер жетерлік.
РУСЛАН АҢБАЕВ, Ғ.Мүсірепов ауданының әкімі:
— Жыл басынан бері ауданда 1790 адам жұмысқа орналастырылды. 880-нен астам жаңа жұмыс орны құрылды. Келесі жылы бұл сандарды еселеп арттыруды жоспарлап отырмыз.
Руслан Әкімжанұлының сөзінше, аудандағы 61 ауылдың 85 пайызы орталықтандырылған сумен қамтылған. Биыл ауданы 19 мың шаршы метрді құрайтын ондаған көппәтерлі баспана қолданысқа берілген. Сонымен қатар, жергілікті серіктестіктер де ауыл тұрмысын жақсарту бағытында ауқымды жұмыс атқарған. 30-дан астам тұрғын үй тұрғызып, әлеуметтік осал топтағы отбасыларға көмектескен. Айта кету керек, аталған аймақта кәсіпкерлік саласы да қарқынды дамып келеді.
РУСЛАН АҢБАЕВ, Ғ.Мүсірепов ауданының әкімі:
— “Қазмил” серіктестігі тәулігіне 1800 тоннаға дейін құрама жем өндіреді. Жылына 454 мың тонна өнімді Қытайға экспортқа жіберіледі.
Брифингіде бірнеше мәселенің беті ашылды. Мәселен, 2018 жылы Ғ.Мүсірепов ауданында еліміздегі алғашқы кәріздік тазарту стансасының құрылысы басталды. Арада 7 жыл өтсе де нысан іске қосылмаған. Оның себебін, атқамінер бізге былай деп түсіндірді.
РУСЛАН АҢБАЕВ, Ғ.Мүсірепов ауданының әкімі:
— Біріншіден, құрылыс жұмыстарын уақытылы аяқтауға пандемия кедергі келтірді. Сонымен қатар, құжаттарынан де қателіктер табылды. Мердігердің жұмысына да көңіліміз толмады. Жоба қосымша қаржыны қажет етеді. Нысанға жалпы 3,3 млрд теңге бөлінген болатын. Аудан үшін маңызды станса 2026 жылдың соңында қолданысқа беріледі.
Ауданда жұмыс орны жетерлік, бірақ жұмыс қолы жетіспейді. Руслан Әкімжанұлы брифингіні пайдаланып, тұрғындарды өзі жетекшілік етіп отырған аймаққа көшіп келуге шақырды.
Нұрасыл Ахмет