Ауыл шаруашылығы

Новоишимское ауылында бастау алған ауқымды жоба аяқталуға жақын

Ғабит Мүсірепов ауданының орталығында жарма мен үлпек шығаратын зауыттың құрылысы жалғасуда. Кәсіпорынды 2026 жылдың шілдесінде іске қосу жоспарланып отыр. Барлық нысан тұрғызылды. Қазір қойманы қаптау, электр қуатымен, сумен және жылумен жабдықтау жұмысы аяқталуға жақын. Сонымен қатар, мұнда жабдықтар мен қазандық орнатылып жатыр. Болашақта үш автоматтандырылған желі жұмыс істемек: қарақұмық жармасы үшін, үлпектерге арналған және әмбебап. Ол арқылы бидай, сұлы, арпа, бұршақ және жасымықтан өнім алынбақ. Зауыт жалпы тауардың 9 түрін шығаратын болады.

БЕРІК БЕКІШ, зауыттың директоры:

— Құрылыс кесте бойынша жүріп жатыр. Қазір монтаждау жұмысын аяқтап, нысанды іске қосуға дайындаудамыз. Жобаның құны – 3,2 млрд теңге. Зауыт жарма мен үлпектің кең ассортиментін шығаруға мүмкіндік береді. Жалпы қуаты тәулігіне 116 тоннаны құрайды. Сондай-ақ, кәсіпорынның ашылуымен 24 жаңа жұмыс орны құрылады.