Аптадағы маңызды жаңалықтарАуыл шаруашылығы

Даласы қазыналы Қызылжар

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:

— Әдетте бұл жандарды алқапта, мал бордақылау алаңдарында, сүт фермаларында көреміз. Олар сөзге шорқақ болғанымен істе мығым. Әрдайым арық сөйлеп, семіз шыққанды жөн көреді. Бұл жандар тұтас өңіріміздің, күллі еліміздің ауыл шаруашылығы қауіпсіздігін қамтамасыз етуде. Қазір Петропавлда ауыл шаруашылығы, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күніне арналған салтанатты шара бастау алмақ.

Танаптағы тірлікті тәмамдаған, ет пен сүтті тонналап өндірген жерлестеріміз – нағыз еңбек адамдары. Олар бүгін арқаны кеңге жая алады. Тағы бір жылды аяқтағалы отырмыз. Биыл қамба толды. Көктемнен қара күзге дейін аянбай тер төккен солтүстікқазақстандықтар рекордтық көлемде өнім жиып, теріскейдің абыройын тағы бір асқақтатты. Мұндай майталмандарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

— Биыл СҚО елдің ауыл шаруашылығы өмірінде көшбасшы өңір екенін тағы бір дәлелдеді. Біздің өңірде нағыз мамандар еңбек етуде. Бұл күн – ауыл шаруашылығы қызметкерлеріне алғыс айтатын тамаша сәт. Мерекелерініңіз құтты болсын!

Ауыл шаруашылығы, тамақ және қайта өңдеу өненркәсібі – қажымас қайратты талап ететін сала. Бұл салада жетістік бірден келмейді. Басыңды тәуекелге тігуің қажет. Еңбек қатар жүруі керек. Сонда ғана биік белес бағынып, төбең көкке жетеді. Салтанатты шара барысында елдің ауыл шаруашылығы саласын дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін 3 азамат Президенттен жолданған “Құрмет” орденін алды. Соның бірі – ақжарлық Бағаналы Асанов.

БАҒАНАЛЫ АСАНОВ, “Алқатерек Агро” ЖШС директор, Ақжар ауданы:

— Қазір еңбек етуге мүмкіндік зор. Мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп тұрады. Жеңілдетілген несие алып, ісімізді дөңгелете алдық. Ақжар ауданындағы жұмысымызды 2019 жылы бастадым. Оңай болған жоқ. Жерді жырттық, өңдедік, егін септік. Енді-енді қарқын алып келеміз. Биыл 20 центнердің үстінде астық жинадық. Бұл Ақжар ауданы үшін жоғары көрсеткіш саналады. Мереке құтты болсын!

Бүгін сахнаға беттеген 60 тарта адамның бойын қуаныш пен қобалжу биледі. Оларға түрлі дәрежегі марапат табысталды. Бірі “Ауыл шаруашылығы саласының үздігі” төсбелгісін кеудеге тақса, екіншісі облыс әкімінің Құрмет грамотасын марқая қолда қысты. Бұл – көпжылдық еңбектің тырнақтай болса да жемісі және жеңісі.

АСХАТ БАРЛЫБАЕВ, “Рустикус” ЖШС директоры, Мамлют ауданы:

— Бүгін осы жерде тұрғанымыз, осындай марапат алғанымыз – мемлекеттің қолдауының арқасы. Мұны мойындаймыз. Егер билік тарапынан тиісті көңіл бөлінбесе, кеудемізді қаға алмас едік. Өзім – ауыл шаруашылығы саласына кештеу келген азаматпын. Әкемнің жолын жалғауды жөн көрдім. Бұл істен қорықпау қажет, жастар көбейгенін қалаймын. Еліміздің астығы көп болсын! Тек жақсы жайтармен жолығайық!

ӘБІЛХАН АЙТУЛИН, “Қызылжар МТС Агро” ЖШС механизаторы, М.Жұмабаев ауданы:

— Көктемге егін егеміз, күзде жинаймыз, қыста қар тоқтатамыз. Солай 41 жыл өте шықты. Мамандығымды жақсы көрем.

Салтанатты шара концертпен жалғасын тапты. Ортаға шыққан жергілікті және қонақ өнерпаздар сахнаны думан алаңына айналдырды. Әсіресе, Казақстанның Халық әртісі Роза Рымбаеваның ән салуы мереке иелеріне нағыз тарту болды.

 

Байболат Құлтанов