Білім

Абай ілімімен үндескен мұғалімдердің республикалық жиыны

Петропавлда қазақ тілі мен әдебиетін оқытатын мұғалімдердің басы қосылып, мазмұнды жиын өтті. Бір аудиторияға жиналған ұстаздар Абайдың адам тәрбиесіне қатысты өсиеттерін мектеп тәжірибесімен ұштастырып, күнделікті жұмыста қолданудың жолдарын қарастырды. “Адамның адамшылдығы – ақыл, ғылым, ар, мінез” деген болатын данышпан. Мұғалімдер осы турасында сөз қозғады.

ГҮЛМАЙДА МҮСЕТАЕВА, “Өрлеу” БАҰО СҚО бойынша филиалы кафедрасының аға оқытушысы:

— Бүгінгі күнгі конференция Абайдың өмірі мен шығармашылығына, жалпы “Толық адам” іліміне арналып отыр. Бұл ілім бала тәрбиесіне, оның біліміне, адам тұлғасының қалыптасуына әсер етеді.

Күллі әлемге танылып, әлем мойындаған Абайды бір күнде тану мүмкін емес. Оның философиясын ұстану тіптен қиын. “Ақырын жүріп, анық бас” дегендей, бұған біртіндеп жету керек. Ол үшін ойшылдың атындағы орталықтар, топтар құрылуы қажет. Солар Абайды халыққа, өскелең ұрпаққа жақындатады.

АЙГҮЛ ЕСЕНҒАЛИЕВА, Абай атындағы мамандандырылған қазақ мектеп-гимназиясы директорының орынбасары:

— Республикалық жиынға өзімнің Абай мектебінде жүзеге асып жатқан шаралар туралы баяндау үшін келіп отырмын. Біздің мектебімізге Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай оның есімі берілген болатын. Сол уақыттан бері оқу ордамызда Абай орталығы жұмыс істейді. Орталықта 6 бағыт қамтылған. Бүгін мен ұстаздарға және онлайн қарап отырған әріптестеріме осы орталықта жүргізіліп жатқан тәжірибелік жұмыстар туралы айтып өтемін.

Бүгінгі республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция – ұстаздар үшін мол мүмкіндік. Ауқымды шара барысында мұғалімдер күнделікті жұмыстарында кездесетін жайттарды айтып, өзара пікір алмасты. Яғни, қазақстандық мамандар Абай әлеміне сапар жасады, біліктілік арттырды.

 

Жангельдi Жамалиев