ЖАНГЕЛДІ ЖАМАЛИЕВ, тілші:
— Бұл – дыбыс датчигі. Түтін пайда болған сәтте қатты дыбыс арқылы ескерту береді. Өзі шағын құрылғы болғанымен, қауіптің алдын алудағы маңызы зор.
Алақандай датчик электр сымы тұйықталып, от тұтанса да, пештен көзге көрінбейтін иіс шықса да сезіп қалады. Сергек дүние шырт ұйқыда жатқан үй иелерін оятады. Дер кезінде көзін ашқан адам дұрыс әрекет етеді. Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары қазір қала аумағындағы жер үйлерді аралап, осындай құрылғы орнатып жатыр.
ЖАРАС ТҰЯҚ, СҚО ТЖД инженері:
— Тұрғындардан жылыту пештерін жөндеуден өткізуді және электр сымдарын мұқият тексеруді сұраймыз. Биыл облыстағы жер үйлерге 2 мың 300-ден астам датчик орнаттық.
Өрт датчигі батарейкамен жұмыс істейді. Бір салынған қуат көзі 3 айға жетеді. Былғары зауыты кентінің тұрғыны Ольга Заварзина мұндай қауіпсіздік құралы әр үйде болуы керек дейді. Қабырғада датчик қағулы тұрса, өрт туралы ой да мазаламайды.
ОЛЬГА ЗАВАРЗИНА, Былғары зауыты кентінің тұрғыны:
— Төтеншеліктерге алғысым шексіз. Өтінішімді жерде қалдырмай, баспанама датчик орнатып берді. Әйтпесе түні бойы пеш аңдумен боласың. Тілсіз жау кез келген сәтте бас көтеруі мүмкін. Сақтықта қорлық жоқ!
Осы ретте сандарды сөйлетсек, жыл басынан бері аймақта 400-ден астам өрт оқиғасы тіркелді. Өкінішке қарай, салдарынан 27 адам көз жұмды. Қайғылы оқиғаларға электр сымдарының қысқа тұйықталуы мен сөндірілмеген темекі тұқылы себеп болған. Төтеншеліктер таратқан жаднама кейінге қалдырылмай оқылса, көңілге тоқылса, жайсыз статистика өспейтіні сөзсіз.
Жангельдi Жамалиев