Шамадан тыс жүк тиелген көліктер жолға салмақ түсірері айдан анық. Салдарынан жаңадан төселген асфальт желініп, шұңқырлар пайда болады. Оларға арналған айналмалы өткелдер бар, бірақ көбі төтесінен түскенді жөн көреді. Көліктік бақылау инспекциясының мамандары күн сайын ауыр машиналардың салмағын өлшейді. Міне, олар біздің көзімізше екі жүк көлігін тоқтатты. Битум тиеген жүк көлігі Омбы қаласынан Өзбекстанға қарай жол тартып бара жатыр. Көліктік бақылау инспекциясының мамандары ең алдымен машина иесінің құжаттарын тексеріп, ешқандай олқылық таппады.
НҰРАСЫЛ ЕРЖАНҰЛЫ: тілші:
— Қазір мына жүк көлігі таразыға тұрғызылайын деп жатыр. Талап бойынша оның салмағы 44 тоннадан артық болмауы тиіс. Егер асып кетсе 150 мың теңге көлемінде айыппұл салынады және көлік айыптұраққа апарылады.
Жүк көлігінің салмағын мына бір планшеттен көруге болады. Қондырғы көрсеткендей, ауыр машинаға талапқа сай жүк артылған.
ВИТАЛИЙ МОРОЗОВ, СҚО бойынша көліктік бақылау инспекциясының бас маманы:
— Бір ауыр машинаны толықтай тексеруге жарты сағаттан астам уақыт кетеді. Егер оған шектен тыс жүк артылғанын анықтасақ, көлік иесіне және жүкті артқан серіктестікке де айыппұл салынады. Айта кету керек, шектен тыс жүк артылған көліктер асфальтті бұзып қана қоймайды. Сонымен қатар, жол-көлік оқиғасына да себепші болады. Себебі, мұндай машиналардың тежегіші істен шығуы мүмкін.
Облыста жыл сайын жүздеген шақырым жол салынып, жөнделеді. Бұған мемлекет тарапынан қомақты қаржы бөлінеді. Дегенмен ауыр жүк көліктерінің қозғалысы төселген асфальтті бір-екі жылдың ішінде жарамсыз етуде. Осыған байланысты елімізде келесі жылы жаңа заңа күшіне енбек.
ВИТАЛИЙ МОРОЗОВ, СҚО бойынша көліктік бақылау инспекциясының бас маманы:
— 2026 жылдың 1-ші қаңтарынан бастап жалпыға ортақ автожолдарда карьерлік жүк көліктерінің жүруіне тыйым салынады. Егер көлік жүргізушілері талапқа бағынбаса, 1 млн теңгеге дейін айыппұл салынады. Бұл шешім жол-көлік оқиғаларының азаюына, сонымен қатар, жаңа төселген асфальттің ұзаққа шыдауына септеседі.
Осы ретте сандарды сөйлетсек, жыл басынан бері көліктік бақылау инспекциясы 1500-ге жуық ауыр жүк көлігін тексерген. Соның 240-тан астамына әкімшілік хаттама толтырылып, жалпы сомасы – 87 млн теңге айыппұл салынды.
Нұрасыл Ахмет