Аптадағы маңызды жаңалықтарСҚО әкімдігі

Облыс басшысы азаматтарды жеке қабылдау өткізді

Өңір жетекшісіне алғашқылардың бірі болып Қызылжар ауданының қос тұрғыны жүгінді. Олар келесі жылдың көктеміне дейін Прибрежное тұсында уәде етілген бөгеттің салынатынына күмәнмен қарайды. Тұрғындардың сөзінше осы уақыттың ішінде құрылыс бойынша ешқандай жұмыс жүргізілмеген.

ЕРМЕК СҰРАҒАНОВ, Прибрежное ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

— Қыркүйек айында бізге үйлерің сүріледі деген хабарлама келді. Содан кейін бағалаушы келіп бағасын есептеді, бірақ ол төмен болды. Мына менің анамның үйін 4 млн 200 мыңға, ал көршілерімнің үйін 15 млн-ға есептеп берді. Біз онымен келіспедік. Келіспегесін ол кісілер бізге келіп, сіздерге облыс әкімінің бұйрығымен бөгет салынады деп айтты.

ТАТЬЯНА КЛИМОШЕНКО, Прибрежное ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

— Біз бұл мәселе бойынша аудан әкіміне жүгінген болатынбыз. Ол өткен дүйсенбі күні бізге келіп кетті. Бірақ, құрылыс әлі басталған жоқ. Көктем айында су тасқыны болса үйімнен айырылып қаламын ба деп қорқамын.

Облыс әкімі тұрғындардың уәжін тындап, сауалға былай жауап берді.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

— Бұл бөгетті соңына дейін салып бітіреміз. Бұған арнайы бюджет қарастырылған. Оған алаңдамаңыздар. Ал үлгермеген жұмысты көктем айында су тасқыны басталмай тұрып аяқтаймыз. Сонымен қатар, Прибрежное ауылына кіреберіс жолды да дұрыстаймыз. Оған бюджеттен 4 млрд теңге бөлінген, жобалық-сметалық құжаттамасы дайын.

Әкімге жүгінген жандардың қатарында Петропавл қаласының тұрғыны Әмина Сәлжанова да бар. Кейуана 45 жыл ұстаз болып қызмет атқарған. Қазір – МИБ-тің төрайымы. Алматы көшесі, 45 мекенжайы бойынша тұрады. Айтуынша, үйінің алдындағы жолдың барлығы шұрық-тесік. Жөндеу көрмегеніне 2 жыл болған. Өңір басшысы жаңа асфальт төсеу жұмыстары келесі жылы міндетті түрде жүргізілетінін жеткізді. Жалпы, азаматтарды жеке қабылдау барысында 700-ге жуық адамның уәжі қаралды. Олардың басым бөлігі жол мен баспана жағдайы, үй кезегі сынды мәселелерді қамтыды.

 

Ұлан Ыдырыс