Қоғам

Мыңнан астам петропавлдық көлік салығын төлемеген

Петропавлда көлік салығын төлемегендер көп. Қала бойынша қазір мыңнан астам жүргізушінің берешегі бар. Жалпы қарыз көлмі 30 млн теңгеден асып жығылады. Полицейлер арнайы рейд өткізіп, борышкерлерді анықтауға кірісті. Мамандар Megacam Korgay жүйесін қолдана отырып, қарызы бар көлік иелерін планшет арқылы бақылады. Қазір облыс орталығында мүмкіндігі зор 12 камера орналасқан.

МАРАТ ФАЙРУШИН, қалалық ПБ патрульдік полиция қызметінің инспекторы:

— Борышкерлер арнайы базаға енгізіледі. Meqacam Korgay камералары олардың қозғалысын автоматты түрде анықтап отырады. Оның барлығын бір планшет арқылы көреміз. Жүйе көлік салығын төлемеген, айыппұлын өтемеген, тіпті банкке қарызы барлады да көрсетеді. Көбіне ескерту жасаймыз. Төлемін ұзақ уақыт бойы кешіктіріп жүргендерге шара қолданылады. Бүгінгі тексеріс барысында 20-дан астам тұрғынға ескерту жасалды.

Полицейлер рейд барысында борышкерлерді жиі кездестіргенімен қарыз көлемі азайып жатқан жоқ.

НҰРБОЛ АЛЬМУРЗИН, Петропавл қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы:

— 2025 жылдың 2-ші қазанынан бастап өткен жылғы көлік салығын төлемеген барлық борышкерлер жеке сот орындаушыларымен атқарушылық өндіріске жіберілді.

Елімізде келесі жылдан бастап көлік салығына қатысты жаңа ережелер енгізіледі. Жаңа Салық кодексінде 10 және 20 жылдан аса пайдаланып жүрген жеңіл автокөліктер үшін төмендетілген коэфициенттер болады. Мамандардың айтуынша, бұл өзгеріс салық төлеушілерге түсетін жүктемені азайтып, есептеу тәртібін жеңілдетуге бағытталған.

 

Мәдина Қаби