Өңірге жұмыс сапарымен келген Мәжіліс депутаттары облыс орталығындағы бірқатар кәсіпорынды аралады. Халық қалаулылары аялдаған алғашқы нысан – “Радуга” компаниясы. Кәсіпорын гигиеналық және кеңсе қағаздарының бірнеше түрін өндіреді. Жылдық қуаттылығы 5 мың тоннадан асады, ал ай сайын шамамен 300 тонна өнім шығарылады. Сонымен қатар, депутаттар “Зеленый север” серіктестігінің жылыжай кешеніне барды. Нысан автоматты климаттық бақылау, тамшылатып суару және көлеңкелеу жүйесімен жабдықталған. Бұдан кейін мәжілісмендер өткен жылы ашылған ағашты терең өндейтін зауыттың жұмысымен танысты.
РУСТАМ ҒАББАСОВ, “Nord Panels” ЖШС басқарушысы:
— Зауытта фанердің түр-түрі жасалады. Негізгі қалыңдығы 6 жарым мм-ден 30 мм-ге дейін жетеді. Сонымен бірге ламинатталған фанер шығару мүмкіндігі бар. Кәсіпорынның жұмысы толықтай экспортқа бағытталған. Жалпы өнімнің шамамен 90-95 пайызы еуропалық елдерге жеткізіледі.
Серіктестікте 300-ге жуық адам жұмыс істейді. Орташа жалақы 350 мың теңгені құрайды. Кәсіпорында жылына 50 мың текше метр фанер өндіріледі.
Мәдина Қаби