Қоғам

Мәжіліс депутаттары бастаған арнайы топ шағын және орта бизнес өкілдерімен кездесті

Ауыл шаруашылығы саласындағы өзгерістер, азық-түлік қауіпсіздігі және облыстағы кәсіпкерліктің дамуы. Өңірге жұмыс сапарымен келген Мәжіліс депутаттары бизнес өкілдерімен кездесті. Халық қалаулылары өздерімен бірге Ұлттық экономика, Ауыл шаруашылығы және Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрлерін ерте келген. Алқалы отырыстың шымылдығын аймақ басшысының орынбасары Қанат Дүзелбаев ашып, саланың даму қарқынына тоқталды.

ҚАНАТ ДҮЗЕЛБАЕВ, СҚО әкімінің орынбасары:

— Қазіргі таңда облыста 36 мың шағын және орта бизнес өкілі бар. Олардың саны жыл сайын еселеп артуда.

Солтүстік Қазақстан облысы – аграрлы аймақ. Мемлекет тарапынан ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға бағытталған түрлі шаралар қабылдануда. Көрсетіліп жатқан қолдау да жетерлік. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков жүзеге асып жатқан тың жобалармен бөлісті. Бұл ақпардың кәсіп бастауға оқталып отырған жандар үшін пайдасы мол.

ЕРБОЛ ТАСЖҮРЕКОВ, ҚР ауыл шаруашылығы вице-министрі:

— Биыл ауыл шаруашылығына 1 трлн теңге қаржы бөлінді. Бұндай қолдау бұрын-соңды болмаған. Сонымен қатар, кәсіпкерлер “Даму” қорынан 15 пайыз ғана кепіл ұсынып қаржы ала алады.

Қазіргі таңда мемлекет тарапынан шағын және орта бизнес өкілдеріне зор қолдау көрсетіліп жатыр. Шыны керек, көбі іске қосылған бағдарламалар жайлы біле бермейді. Ал мүмкіндікті уақытылы пайдаланғандар бүгінде табысқа кенеліп жүр. Солардың бірі – Айнұр Басмалиева. 10 жылға жуық тәжірибесі бар тігінші бизнесін үй жағдайында бастаған. Кейін одан әрі кәсібін дамыту үшін мемлекеттен қайтарымсыз грант ұтып алыпты. Қазір шапан, кәжекейлерге ою тігумен айналысады.

АЙНҰР БАСМАЛИЕВА, жеке кәсіпкер:

— Берілген қаражатқа оюды өзі тігетін арнайы қондырғы алдым. Мемлекет қолдауының арқасында кәсібім алға басты.

Бүгінгі шараға 50-ден астам кәсіпкер қатысып, көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойды. Осы сияқты кездесулер көптеп өткізілсе, саланың қарыштап дамитыны сөзсіз.

 

Нұрасыл Ахмет