Қоғамның қауіпсіздігі – жай ұран емес, әрбір азаматтың саналы қадамына сүйенетін ортақ жауапкершілік. Осы мақсатта бүгін облыс орталығында жастарды ақпараттық қауіптен қорғауға бағытталған ауқымды кездесу өтті. Жиналысқа прокуратура қызметкерлері, полиция департаментінің мамандары, еріктілер, сондай-ақ, колледж бен университет студенттері қатысып, қоғамдағы өткір мәселелер төңірегінде пікір алмасты.
Басқосуда бірнеше өзекті мәселе көтерілді. Солардың бірі – соңғы уақытта жиілеген дропперлік, яғни өз банк картасын бөгде адамдарға жалға беру арқылы алаяқтарға жол ашатын жағдайлар. Мамандар мұның жай ғана қателік емес, қылмыстық жауапкершілікке әкелетін ауыр қадам екенін түсіндірді.
МАКСИМ ДОРОВИК, СҚО прокурорының аға көмекшісі:
— 16-шы қыркүйектен бастап жеке деректерді үшінші тұлғаларға беру қылмыстық жауапкершілік деп белгіленіп, бұл бағыттағы жұмыстар күшейтілді. Қазір жастар бірреттік табысқа алданып, өз есепшоттарын бөтен адамдарға бере салады. Бірақ, бұл – заңбұзушылықтың айқын түрі. Профилактикалық шаралардың нәтижесінде кәмелетке толмағандар арасында құқықбұзушылық азайып келеді. Дегенмен, 16 жасқа толмағандар арасында жекелеген жағдайлар әлі де кездеседі.
Жиында теріс діни ағымдар мен әлеуметтік желілердегі адамның санасын улайтын ақпарат жайлы да сөз қозғалды. Ұйымдастырушылар мұндай ақпараттық қысым алдында ең алдымен жастар осал келетінін атап өтті.
МҰСА ӘУБӘКІРОВ, қалалық қоғамдық даму және ақпарат орталығының маманы:
— Осындай шаралар жастарды адастырушы күштерден қорғауға ықпал етеді. Әсіресе, қазір әлеуметтік желі арқылы жалған идея таратып, бағытынан жаңылдыруға тырысатын топтар көп. Мұнда біз арнайы мамандарды шақыру арқылы жастарға заң талаптарын түсіндіреміз.
Жиын соңында ұйымдастырушылар мұндай пайдалы кездесулер жалғасатынын айтты.
Жангельдi Жамалиев