Бүгін – Дүниежүзілік балалар күні. Осыған орай С.Мұқанов атындағы облыстық кітапханада дөңгелек үстел жиыны ұйымдастырылды. Шараға ұстаздар, құқық қорғау органдарының өкілдері, студенттер мен психологтар қатысты. Жиында балалар құқығы, олардың қауіпсіздігі мен психологиялық әл-ауқаты талқыланды. Білікті мамандардың айтуынша, баланың бақытты болып өсуінде ата-ананың рөлі ерекше. Үйде үлкендермен еркін сөйлесіп, мәселесін ашық айта алатын бала қоғамда да өз ойын жеткізуден қымсынбайды.
АИДА ШАЙМЕРДЕНОВА, облыстық психологиялық орталықтың психологы:
— Баланың бақытты екендігі олардың іс-әрекеттерінен білінеді. Ол әрқашан күліп-ойнап, белсенді болып жүреді.
Жиын барысында қатысушылар балалардың құқықтық сауаттылығын арттыру мәселесіне тоқталды. Сонымен қатар, ата-ана мен мектеп арасындағы байланысты күшейтудің маңызын атап өтті. Студенттер де осы орайда ой бөлісті.
АЛИСА ВЕСЕЛОВА, студент:
— Баланың толыққанды өмір сүруіне оның алған білімі де әсер етеді. Дұрыс отбасыда өскен баланың ой-өрісі де қалыпты болады. Кейін білімге де құштар болып, жаңа дүниелерді білуге ұмтылады. Біздің қазіргі басты уайымымыз – оқу, сессияны жақсы тапсыру. Колледжегі психолог бізге ең бастысы баға емес екенін түсіндіреді.
Өскелең ұрпақ осы бастан заңды білсе, болашақта ел қамын ойлайтын азаматтар өсіп шығатыны сөзсіз.
Мәдина Қаби