Қоғам

Тұрғын үйді энергетикалық жаңғырту мәселесі талқыланды

Баспананың қабаттылығы мен жағдайы жылумен қамту көлеміне тікелей әсер етеді. Көпқабатты тұрғын үй неғұрлым биік және ескі болса нысанды жылытуға көп энергия керек. Жылуды үнемдеу мақсатында жергілікті ПИК қауымдастығының төрағасы Сергей Худяков оң бастама көтеріп жүр. Қоғам белсендісі тұрғын үйлерді жылуұстағы материалмен қаптау қажет деген пікірде. Мұндай тәжірибе тіпті Германияда жиі пайдаланылатын көрінеді. Мәселе қазір көпшілікпен бірге талқыланып жатыр. Облыс орталығындағы баспаналардың дені жарты ғасыр бұрын салынған.

СЕРГЕЙ ХУДЯКОВ, қалалық ПИК қауымдастығының төрағасы:

— Азаматтық қоғам ұйымдары үшін әзірге бірінші талқылау әрі консультация өтіп жатыр. Энерготиімділік бойынша идеяны жүзеге асыруға қажет қаржыны қайдан алуға болады? Бұл туралы ақпаратты біз әлеуметтік желілерді пайдаланып барынша тараттық. Біздің мақсатымыз – өздерінің және жоба аясында берілетін қаржыны біріктіре отырып, белгілі бір мәселені шешуге болатындығын көрсету.

Тұрғын үйді энергетикалық жаңғырту бағдарламасына деген қызығушылық артып келеді дейді сарапшылар. Рашида Морозова 30 жыл бойы ПИК төрағасы болып қызмет еткен. Қызметінен кетсе де тұрғын үйді жақсарту туралы ниеті жоғалмапты. Бүгінде – белсенді тұрғындардың бірі. Нәзікжандының арқасында Назарбаев көшесіндегі 110-шы үй біраз көркейген.

РАШИДА МОРОЗОВА, қала тұрғыны:

— Біз үйдегі бүкіл 4 подъезді жөндеп, пластик терезелер мен дәл сондай есіктер орнаттық. Тұрғындар арасында бұл бастаманың тиімділігі жөнінде біраз түсіндіру шарасын өткізуге тура келді. Үйден 100 мың теңге шықса, бізге 4 млн теңге берді. Осы қаржыға ойдағыдай жөндеу жұмысын жүргіздік.

Талқылау осымен таусылған жоқ. Тақырып өзекті, ұсыныс қызықты, таразылайтын тұстары да көп делінді жиында. Жоба көпшілік ортасында әлі де қаузалады.

 

Данаш Хамза