ЖАНГЕЛДІ ЖАМАЛИЕВ, ТІЛШІ:
— Полицейлер көліктерді тоқтатып, құжаттардың дұрыстығын тексеріп жатыр. Биылғы науқанның басты бағыты – заңсыз жолаушы тасымалдау қызметін анықтау. Мұндай рейдтер жолдағы қауіпсіздікті арттыруға мүмкіндік береді.
Жыл басынан бері өңірде 500-ге жуық жол-көлік оқиғасы тіркелді. 45 адам көз жұмып, 600-ден астам адам жарақат алған. Жағаұстатарлық статистика қауіпсіздік шараларын күшейтуді қажет етіп отыр. Рейд барысында жүргізушілердің тәртібі, көліктің техникалық жағдайы мен құжаттарының жарамдылығы мұқият қаралды.
ИВАН ФЕДЯНИН, көлік жүргізуші:
— Менің көлік жүргізудегі тәжірибем – 10 жыл. Қазір тұманға байланысты жол нашар көрінеді. Осындай кезде барынша сақ болуға тырысамыз. Жаңа полиция қызметкерлері тоқтатып, өткізіліп жатқан профилактикалық іс-шара жайлы түсіндірді.
Заңсыз жолаушы тасымалдау фактісі анықталса, инспекторлар әкімшілік хаттама толтырып, көлікті айып тұрағына жібереді. Себебі, тиісті рұқсатсыз адам таситын жандар қауіпсіздік пен сақтандыру ға қатысты талаптардың бірін де ескермейді. Апат кезінде жолаушының өмірі мен құқығы қорғалмайтындықтан, мұндай қызмет тікелей қауіп ретінде бағаланады.
АЗАМАТ ЖАМҰҚОВ, СҚО ПД әкімшілік полиция басқармасының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы:
— Рейдтің бірінші күні жол қозғалысы ережелерін бұзу бойынша 200-ден астам факті анықталды. Негізгі құқықбұзушылықтар – қауіпсіздік белдігін тақпау, жүргізу кезінде телефон пайдалану, техникалық тексерістен өтпеген автокөлікпен жолға шығу, мас күйде рөлге отыру және жолаушылар мен жүк тасымалдау тәртібін сақтамау.
Бүгінгі тексеріс барысында анықталған әр құқықбұзушылық бойынша тиісті шара қолданылып жатыр. “Қауіпсіз жол” акциясы осы аптаның соңына дейін жалғасады.
Жангельді Жамалиев