СҚО әкімдігі

Облыстық әкімдіктің кезекті отырысы өтті

Бүгін облыстық әкімдіктің кезекті отырысы өтті. Күн тәртібіне екі мәселе шығарылды. Жиын басталмай тұрып өңір жетекшісі Ғауез Нұрмұхамбетов Түркістан облысында өрттен болған қайғылы жағдайға байланысты көңіл айтты. Мұндай оқиғаның біздің облыста да қайталанбауына кім кепіл? Сондықтан, Ғауез Торсанұлы жауапты департаментке тұрғындармен жиі кездесуді тапсырды.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

— Биыл облыста мыңнан астам үйге датчик орнатылды. Ауқымды жұмыс атқарыпсыздар. Көрініп тұр. Бірақ, мұнымен тоқтап қалуға болмайды. Биыл Ступинка ауылында болған жағдайды естен шығармайық. Сондықтан, тұрғындарға барынша ақпар беріп, жаднама таратыңыздар.

Алқалы жиында алғаш болып мінберге дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қарлығаш Рамазанова шықты. Статистика бойынша, облыста тұрақты түрде бұқаралық спортпен 225 мыңнан астам адам айналысады. Оларға қолайлы жағдай жасау – басты міндет. Айта кету керек, биыл аталған бағытқа өңір бюджетінен 13,4 млрд теңге бөлінген. Бұл қомақты қаржы саланың дамуына тың серпін берді.

ҚАРЛЫҒАШ РАМАЗАНОВА, СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

— Биыл облыста 40 спорт нысаны қолданысқа берілді. Есіл ауданында құны 330 млн теңгеден асатын хоккей корты ашылды.

Биыл теріскейлік спортшылар толағай табыстарға жетті. Жаһандық бәсекелерде тұғыр биігінен көрінді. Бұл ретте бокстан, қазақ күресінен және биатлоннан әлем чемпиондары Наталья Богданова, Мейіржан Берекетов және Ербол Хамитовтерді ерекше атап өтуге болады. Солтүстікқазақстандық спортшылар республикалық додаларда бақандай 3 мың 500-ден астам медаль еншіледі. Қарлығаш Әсетқызының сөзінше, тұрғындардың спортқа деген қызығушылықтарын ояту мақсатында ауқымды жұмыс атқарылған.

ҚАРЛЫҒАШ РАМАЗАНОВА, СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

— Бір жылдың ішінде облыста 5 спартакиада өтеді. Оның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандардың арасындағы фестиваль де бар.

Биыл солтүстікқазақстандықтар “Ақбидай” республикалық ауыл спорты ойындарында жалпыкомандалық есепте 16-орынға тұрақтады. Аталған төмен көрсеткішке себепші жауаптылар сынның астында қалды.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

— Облыста жаттықтырушылар жетіспейді. Кадр тапшылығының бары да жасырын емес. Сонымен қатар, кейбір спартакиадаларға Айыртау, Уәлиханов, Тимирязев аудандары қатыспаған екен. Бұл не деген сұмдық? Бұл мәселені қолға алыңыздар.

Келесі болып мінберге облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Азамат Шәймерденов шықты. Ол “Қызылжар” арнайы экономикалық аймағы пайда болғалы атқарылған және атқарылатын жұмыстармен бөлісті. Бүгінге дейін жоба аясында 22,4 млрд теңгеге 5 кәсіпорын ашылған. Нәтижесінде 900-ге жуық адам жұмыспен қамтылыпты.

АЗАМАТ ШӘЙМЕРДЕНОВ, СҚО кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

— Қазіргі таңда “Қызылжар” арнайы экономикалық аймағы аясында 17 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Барлығының жалпы құны 275 млрд теңгеден асып жығылады. Нысандар қолданысқа берілгеннен кейін 3 мыңнан астам жерлесіміз жұмыспен қамтылады.

Ғауез Торсанұлы жауапты басқармаға инвесторларға бар жағдайды жасауды және атқарып жатқан жұмыстарын үнемі бақылауда ұстауды тапсырды.

 

Нұрасыл Ахмет