Тоғыз жолдың торабында орналасқан Петропавл жылдан-жылға көркейіп, қарыштап дамып келеді. Алыстан көз тартатын нысандар жетерлік. Бұл облыс орталығына келуші туристердің санын арттыруға ықпал ететіні сөзсіз. Меймандардың жайлылығын қамтамасыз ету мақсатында осыдан 1 ай бұрын “Самовар” қонақүйі ашылған болатын. Жайлы орын Қызылжардың қақ ортасында орналасқан.
ВИКТОРИЯ ПОЛТАВЕЦ, “Самовар” қонақүйінің басқарушысы:
— Қонақүйде 58 адамға шақталған 34 бөлме бар. Нысан екі жылдың ішінде бой көтерді. Жалпы аумағы 1200 шаршы метрді құрайды. Мұнда тұрғындарға бар жағдай жасалған. Бөлме құнына таңғы ас кіреді. Нысанның дизайны да ерекше. Ішіндегі интерьер тапсырыс бойынша жасалған.
Шынымен, жайлы орындағы бөлмелердің дизайны ерекше. Перделер күннен қорғайтын матадан тігілген. Ал төсек-орын 5 жұлдызды қонақ үйдің стандартына сай. Асханасында тек адам денсаулығына пайдалы тағамдар дайындалады. Қонақүйді тұрғызуға жергілікті әкімдік пен “Даму” қоры жәрдемдесті. Инвестициялық жобаның құны – 1 млрд теңге.
ВИКТОРИЯ ПОЛТАВЕЦ, “Самовар” қонақүйінің басқарушысы:
— Қонақүйдің қызметкерлері – білікті мамандар. Арнайы оқытудан өткен. Нысан ашылған кезде тұрғындар бөлмелердің құны қымбат деп шағымданған болатын. Сол себепті, бағаны 20 пайызға дейін түсірдік. Содан болар, келушілерді саны артты.
Солтүстік Қазақстан облысы – тұмса табиғатымен танымал өлке. Өзен-көлдеріміз де жетерлік. Аң мен құсқа да баймыз. Сондықтан, өңірге туристер көп келеді. Қызылжар ауданында олардың аялдауына таптырмас орын бар. Бұл – “Волна” демалыс базасы. Айналасы қарағай мен қайыңға толы. Күйбің тірліктен жалыққан жандарға мұнда бар жағдай жасалған.
ТИМУР СӘРСЕМБАЕВ, “Волна Север” ЖШС директоры:
— Мұнда барлығы – 12 демалыс үйі бар. Әрбіреуі орталықтандырылған жылу және сумен қамтылған. Келесі жылы бассейн мен мейрамхана салуды жоспарлап отырмыз. Бізге адамдар көп келеді. Оларға есте қаларлық демалыс ұйымдастыру – басты міндетіміз.
Демалыс базасы осыдан 3 жыл бұрын ашылған. Бой көтеруіне “Даму” қоры қолдау көрсетіпті. Жоба құны 200 млн теңгеден асып жығылады.
Нұрасыл Ахмет