Мәдениет

М. Жұмабаев атындағы IT-мектеп-лицейінде “Мағжан” оқу кабинеті ашылды

М. Жұмабаев атындағы IT-мектеп-лицейінде “Мағжан” оқу кабинеті ашылды. Мұндағы басты мақсат – ақиық ақын, ағартушы-педагог Мағжан Жұмабаевтың өмірі мен шығармашылығын кеңінен насихаттау. Арнайы іс-шараға облыстық білім басқармасы мен қаладағы Мағжан орталығының өкілдері қатысты.

ЖАРАСБАЙ СҮЛЕЙМЕНОВ – Мағжан орталығының жетекшісі:

— Бүгін осында бір үлкен қуанышты жаңалық болып отыр. Мағжан атындағы кабинет ашылып жатыр. Мен ойлаймын, бұл өзі жақсы бір қадам. Жастар үшін де, жалпы ұстаздар үшін де зор қуаныш. Өйткені, біз Мағжанды неғұрлым тереңірек тани түссек, жастарымыз Мағжан сияқты өмір сүрсе, ол сияқты елін, ұлтын сүйсе, біздің елдің болашағы нұрлы болады.

Жаңа сыныптың ашылуына мектеп оқушыларының ата-аналары зор қолдау көрсеткен. Себебі, ақиық ақынның есімі берілген лицейде Мағжан Жұмабаевтың атымен аталған сынып болмапты. Енді мұнда 8-ші, 9-шы және 10-шы сынып оқушылары Мағжантану сабағын оқиды.

БИКЕШ ҚАСЕНОВА – М.Жұмабаев атындағы IT-мектеп-лицейінің директоры:

— Былтырғы жылы бізде ата-аналардың арасында волейболдан лига болған болатын. Сол лигада осы сыныпта оқитын, осы сыныпқа бекітілген 9-шы “Б” сыныбы 1-ші орын алған болатын. Олардың жүлдесіне ақылдаса отырып М.Жұмабаев сыныбын ашуға бел будық.

Айта кетейік, қазіргі таңда М.Жұмабаев атындағы IT-мектеп-лицейінде мыңнан астам бала білім алады.

 

Ұлан Ыдырыс