Білім

29-шы орта мектепте “Жас сақшы” сыныбы ашылды

Қалалық 29-шы орта мектепте “Жас сақшы” сыныбы ашылды. Салтанатты шараға облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов қатысты. Өңір жетекшісі аталған бастаманың балаларды отансүйгіштікке тәрбиелеудегі және тәртіпке баулудағы маңызына тоқталды.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

— Бүгін облысымызда үлкен іс-шара өтуде. “Заң және тәртіп” мемлекеттік тұжырымдамасы аясында жаңа “Жас сақшы” сыныбы ашылды.

Бұл – өңірде ашылған төртінші “Жас сақшы” сыныбы. Бұған дейін Петропавлдағы қос мектепте және Сергеевкадағы Е.Бөкетов атындағы мектеп-гимназияда таспасы қиылған болатын. Енді игі бастама 29-шы мектепке де жетіп отыр. Мұнда балалар аптасына екі рет полиция қызметкерлерінің дәрісін тыңдайды.

РУСЛАН ТАСЫМОВ, СҚО ПД басқарма бастығы:

— Сабақ сәрсенбі және сенбі күндері өтеді. Сәрсенбі күні біздің қызметкерлер тергеу бойынша сабақ жүргізеді. Сенбі күні балаларды “Динамо” алаңына апарып, дене шынықтыру сабағын өткіземіз.

Мұндай сыныптың ашылуы – болашақта мемлекеттік қызметте, әсіресе ішкі істер органдарында қызмет еткісі келетін өскелең ұрпақ үшін зор мүмкіндік. Оқушылар мектеп қабырғасынан бастап тәртіп сақшысы мамандығының қыр-сырын таниды, құқықтық тәртіпті сақтаудың маңызын түсінеді.

БАЛЫМ ОРАЛ, “Жас сақшы” сыныбының оқушысы:

— Дайындық өте жақсы. Бізге арнайы кабинет берді. Енді сол жерде сабақ жүргізіледі.

Қазір бұл мектепте 800-ге жуық оқушы бар. “Жас сақшы” сыныбына орта буыннан 20 оқушы жазылған.

 

Мәдина Қаби