Әйелдер – тек отбасы ұйытқысы емес, қоғамдағы маңызды шешімдерге әсер ете алатын тұлға. Қазіргі таңда нәзікжандылар мемлекеттік қызметте, білім мен ғылымда, медицина мен мәдениетте, кәсіпкерлік пен өндіріс саласында табысты еңбек етуде. Мәселен, бірінші гимназияның бұрынғы директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Раиса Полищук – білім саласында қалтқысыз тер төккен тұлғалардың бірі.
РАИСА ПОЛИЩУК, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:
— Мен бұл мектепте 1980 және 2008 жылдар аралығында директор болдым. Білім ұясы ол кезде бірінші гимназия емес, 35-ші орта мектеп болатын. Мектептен бөлек облыстық мәслихат депутаты, кейін Мәжіліс депутаты қызметін атқардым. Мектепке жетекшілік еткен жылдары білім беру жүйесіне адамгершілікке негізделген жаңа педагогикалық көзқарас енгізуге тырыстық. Мен үшін ең маңыздысы – жас ұрпақтың жан-жақты дамуына жағдай жасау болатын.
Өңірдің дамуына сүбелі үлес қосқан нәзікжандылар бірінші гимназия оқушыларымен кездесіп, өздерінің атқарған еңбегі жайлы айтты. Біраз жетістікке жеткен жандардың көбі қазір “AMANAT” партиясының жанындағы әйелдер қанатына мүшелік етеді.
ӘСЕЛ ЕСЖАНОВА, “AMANAT” партиясы СҚОФ жанындағы әйелдер қанатының төрайымы:
— Өңірде “AMANAT” партиясы жүзеге асырып жатқан “Әйел аманаты” жобасы бар. Игі бастама әйелдердің қоғамдағы белсенділігін арттыруға септеседі. Сондай-ақ, олардың бастамаларын қолдауға және ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға бағытталған. Қазіргі әйелдер өте пысық, кәсіптен нәсіп тауып, қоғамдық істерге белсене ат салысады. Біздің міндетіміз – нәзікжандыларды қоғамдағы мәселелерді шешуге шақыру. Әйелдер де ерлер сияқты саясатқа араласа алады.
Әйелдер қанатының мүшелері алдағы уақытта өзге мектептерді де араламақ. Қазір ұйымға 40-қа жуық нәзікжанды мүшелік етеді.
Мәдина Қаби