Өңіріміздің төтенше жағдай қызметкерлері 6 қараша күні өздерінің алғашқы тұрғын үй төлемдерін алды. Солардың қатарында Мәдина Қабиева бар. Нәзікжанды – 4 баланың анасы. Осы салада қызмет етіп келе жатқанына – 4 жыл. Шені – кіші сержант, лауазымы – радиотелефоншы. Айтуынша, бұл – мемлекет тарапынан жасалып жатқан зор қолдау. Енді ол тек жалдамалы пәтердің ақысын ғана төлемей, өз жеке үйіне қаржы жинамақ.
МӘДИНА ҚАБИЕВА, қалалық №4 өрт сөндіру бөлімінің радиотелефоншысы:
— Осы төлемдер төленеді деп естігенде өте қуандық. Осы күнге де жеттік міне, сол төлемдерді алып жатырмыз, өте қуаныштымыз. Төлемдер ала бастағаннан кейін өзіміздің пәтерімізге ақша жинауды бастадық.
Қазіргі таңда өңірімізде кейіпкеріміз Мәдинадан бөлек 500 адам алғашқы тұрғын үй төлемдерін алып үлгерген. Оның құны әр отбасы мүшесі үшін 60 мың теңгені құрайды. Айта кеткен жөн, бұл төлемақы түрі тек өзінің жеке пәтері жоқ, аттестацияланған мамандарға қарастырылған.
НҰРЛАН НҮКІШЕВ, СҚО төтенше жағдайлар департаменті бастығының бірінші орынбасары:
— Өзінің жеке баспанасы бар әрі үйі ипотекалық несиеге алынған тұлғаларға тұрғын үй төлемдері қарастырылмаған. Ал жалдамалы пәтері бар азаматтардың 50 пайыз шығынын мемлекет өз мойнына алады.
Қазіргі таңда төтенше жағдайлар департаментінде тұрғын үй төлемдері бойынша арнайы комиссия жұмыс істеуде. Мамандар 6 отырыс өткізген , оның нәтижесі бойынша облыс бойынша 837 қызметкердің 500-ден астамы аталған көмек түрін алып отыр.
Ұлан Ыдырыс