Құқық қорғау органдары

Облыста өрттің салдарынан көз жұмған жандардың жартысына жуығы масаң күйде болған

Жыл басынан бері облыста 27 адам өрттің салдарынан көз жұмған. Қайғылы оқиғалардың себебі белгілі. Марқұмдардың жартысына жуығы масаң күйде от жаққан және темекіні сөндірмей ұйықтап қалған. Жайсыз жайттардың алдын алу мақсатында құтқарушылар, полицейлер және еріктілер рейд жүргізіп жатыр.

ЖАРАС ТҰЯҚ, СҚО ТЖД инженері:

— Облыста жыл басынан 430-ға жуық өрт тіркелді. Келтірілген залал көлемі 353 млн теңгені құрайды. Жылыту маусымы басталғалы облыста 50-ден астам өрт тіркелді.

Мамандардың қолында Жұмысшы кентіндегі ішімдікке әуес отбасылардың тізімі бар. Сол бойынша олар әр үйге кіріп, әңгіме жүргізуде, кітапшалар таратуда. Қағазда өрттің шығу себептері мен пешті дұрыс жабдықтау ережелері бүге-шүгесіне дейін жазылған. Кітапшалар ұстаған жерінде оқылса, көңілге тоқылса, ақпардың әр адам үшін маңызы зор. Төтеншеліктер бірінші барған үйден бірнеше олқылық анықтады. Қайғылы жағдайдың алдын алу мақсатында датчик орнатты.

Арақ не істетпейді? Келесі отбасында да осындай жағдай. Жанұядағы екі адамның екеуі де ішімдікке салынған. Екеуі де маскүнемдер есебінде тұр. Одан қалды, күнде кешке өздері сияқтылар жиналып, шулап, көршілерге тыныштық бермейтін көрінеді. Төтеншеліктер мен полицейлер тұрғындармен тілдесіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

НҰРАСЫЛ ЕРЖАНҰЛЫ, тілші:

— Осымен рейдіміз аяқталды. Біз төтеншеліктермен, полицейлермен және еріктілермен бірлесіп ішімдікке әуес 10-ға жуық отбасыны араладық. Мамандар түсіндірме жұмыстарын жүргізді, жаднама таратты, баспаналардың барлығына датчик орнатты. Мұндай шараларды жиі өткізу аса маңызды. Себебі, ішімдікке салынған жандар өзіне ғана емес, өзгеге де зиянын тигізуі мүмкін.

Ішімдікке салыну – ғасыр дерті. Облыста 5 мыңнан астам адам маскүнем ретінде есепте тұр. Оның 3 мыңға жуығы Петропавлда тұрады. Өкінішке қарай, статистика жыл сайын өсіп барады. Білікті психолог Ирина Якимованың сөзінше, адамдар көбінесе отбасындағы ұрыс-керісті, жұмыстағы қиындықты сылтау етіп ащы суға салынып кетеді.

ИРИНА ЯКИМОВА, психолог:

— Ішімдікке салыну генетикалық жолмен де беріледі. Егер адамның әкесі немесе анасы алкогольге әуес болса, баласының да бейім болу мүмкіндігі жоғары. Адамдар ащы сумен барлық мәселе шешіледі деп ойлайды. Бірақ, олай емес. Ішімдікке салынған адамның басы ауырады, ашуланшақ болады, ұйқысы бұзылады және аяқ-қолы дірілдейді. Сонымен қатар, мас болып, алды-артын ойламай неше түрлі қылмысқа да баруы мүмкін?

Психологтың сөзінше, бұл ауруды жеңу үшін адамдар ұялмай дәрігерге немесе психологқа жүгінуі тиіс. Сонымен қатар, айналасындағы жандарың қолдауы ауадай қажет.

 

Нұрасыл Ахмет