Экономика және қаржы

М. Жұмабаев ауданында Орталық Азиядағы ең ірі тауарлы-сүт фермасы іске қосылды

М.Жұмабаев ауданында Орталық Азиядағы ең ірі тауарлы-сүт фермасы іске қосылды. Бүгінде нысанға 3 мың 600 сиыр жеткізілген. Уақыт өте көрсеткіш 10 мың басқа дейін жетпек. Бұл жайлы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында аудан әкімі Рахат Смағұлов айтты. Брифингіде атқарылған жұмыс та қорытындыланды.

РАХАТ СМАҒҰЛОВ, М.Жұмабаев ауданының әкімі:

— Ағымдағы жылдың қаңтар-қазан айларында ауданға тартылған инвестиция көлемі 18,6 млрд теңгені құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 19 пайызға көп. Ауданда әлеуметтік осал топтағы отбасыларға арналып 14 баспана салынып жатыр. Биыл 300-ден астам адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Сонымен қатар, 500 млн теңгеге 10-ға жуық мектеп жөндеу көрді.

М.Жұмабаев ауданындағы жол желісінің ұзындығы 650 шақырымды құрайды. Оның 80 пайызы – қанағаттанарлық жағдайда. Аталған аймақтағы елді мекендердің барлығы таза ауыз сумен қамтылған. Сонымен қатар, келесі жылы әр ауылға сапалы интернет тартылады. Рахат Назымбекұлының сөзінше, ауданда “Таза Қазақстан” акциясы аясында ауқымды жұмыс атқарылған.

РАХАТ СМАҒҰЛОВ, М.Жұмабаев ауданының әкімі:

— Ауданда жасыл желек қорын молайтуға 391 млн теңге бөлінді. Тұрғындармен бірлесіп 53 мыңға жуық көшет ектік.

Биыл жұмабаевтық диқандар 419 мың гектар алқапқа дән сіңірген. Қажырлы еңбек пен ауа райының қолайлы болуының арқасында 650 мың тоннаға жуық өнім алынған. Орташа шығымдылық 22 центнерді құрады.

 

Жангельдi Жамалиев