Бүгін облыстық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығына Қорғаныс министрлігінің арнайы көшпелі көрмесі табан тіреді. Бұл жердегі барлық экспонат көненің көзіндей. Оның ішінде тіпті әйгілі генерал-майор Панфиловтың жеке күнделігі мен қол сағатын көруге болады, сонымен қатар, Брест қамалынан әкелінген кірпіш те бар.
БОТАГӨЗ КӘРІМОВА, экскурсия жүргізушісі, Астана қаласы:
— Біз бүгін Петропавлға ҚР Қорғаныс министрлігінің ақпараттық-түсіндіру тобының қарсаңында ҚР қарулы күштерінің Ұлттық әскери патриоттық орталығы әскери тарихи музейінен Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналып арнайы көрме әкеліп отырмыз.
Бұл іс-шара барысында Қорғаныс министрлігінен келген арнайы топ колледж студенттерімен және 9-11 сынып оқушыларымен кездесті. Жиында әскери қызметтің қыр-сыры мен патриоттық сезім жайлы әңгіме өрбіді.
ДӘУЛЕТ БИСЕКОВ, ҚР ҚМ тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің офицері:
— Біздің арнайы информациялық топ СҚО-ға “Біртұтас ел – Біртұтас жер” акциясы аясында келіп отыр. Бұндағы басты мақсатымыз – жастарға түсіндірме жұмыстарын жүргізу. Олардың патриоттық сезімін ояту.
Сонымен қатар, арнайы ақпараттық топ іс-шара барысында жастарға мерзімді әскери қызметтен кейін жоғары оқу орындарына түсу мүмкіншілігі бар екендігін айтып, жастарды әскери қызметтен қашпауға шақырды.
Ұлан Ыдырыс