Еліміздің фармацевтикалық нарығында мемлекеттік реттеуге жататын бірқатар дәрі-дәрмектің бағасы төмендеген. Бұған жаңартылған баға белгілеу тетігінің енгізілуі себеп болып отыр. Жаңа ереже дәрілердің құнын қалыптастыру процесін оңтайландыруға мүмкіндік береді.
ЕРМҰРАТ СҰРАҒАНОВ, ҚР ДСМ медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті СҚО бойынша департаментінің бөлім басшысы:
— Қазіргі уақытта 5 мыңға жуық дәрілік заттың саудалық атауына шекті бағалар бекітілген. Сонымен қатар, 1700-ден астам рецептісіз препарат мемлекеттік реттеуден шығарылып, нарықтық бағамен сатылуда. Олардың құны жауапты департаменттің тұрақты бақылауында болады. Бұйрық күшіне енгеннен кейін жүрек қан-тамыр жүйесін, асқазан-ішек жолдарын, бактериялық ауруларды емдеуге арналған әлеуметтік маңызы бар дәрі-дәрмектің бағасы айтарлықтай төмендеді.
Сонымен қатар, елімізде дәрінің тұпнұсқалығы мен заңдылығына қол жеткізу мақсатында “Naqty Onim” қосымшасы іске қосылды. Жаңашылдық арқылы сатып алушы препараттың атауы, саны, дозасы, өндірушісі және қозғалыс бағыты жайлы ақпар ала алады. Яғни, зауыттан дәріханаға, сосын тұтынушыға дейінгі жолы қадағаланады.
МӘДИНА ДҮЙСЕНБАЕВА, дәріхана меңгерушісі:
— Біз дәрілерді министрлік бекіткен баға бойынша сатамыз. Қазіргі таңда жұқпалы ауруларға және қабынуға қарсы дәрілер сұранысқа ие.
Бағаның төмендеуі халықтың емделуіне қолайлы болып отыр. Одан қалды, қалталарын да қақпайды. Қала тұрғыны Қайыржан Жоламанова – 76 жаста. Нәзікжанды жасы келген соң үнемі иммунитет көтеретін дәрі-дәрмек сатып алады. Кейуананың арзанын табамын деп 1 сағат бойы дәріхана шарлаған кезі де болыпты.
ҚАЙЫРЖАН ЖОЛАМАНОВА, зейнеткер:
— Бұған дейін зейнеткерлер үшін дәрілердің бағасы қымбат болды. Қазір едәуір арзан. Алған препараттардың құны 30 пайызға дейін төмендепті. Бұл біз үшін зор көмек болып саналады.
Айта кету керек, қазіргі таңда облыс бойынша 200-ге жуық дәріхана жұмыс істейді.
Нұрасыл Ахмет