Денсаулық сақтау

1-ші қалалық емхананың жас мамандарына 1 млн теңгеден көтермеақы берілді

Өңірде жас мамандарды қолдау шаралары жылдан-жылға артуда. “Жас өркен” ықшам ауданындағы 1-ші қалалық емханада жаңадан келген ақхалаттыларды қолдау және тұрақты кадрлық саясатты дамыту мақсатында ерекше ынталандыру бағдарламасы жүзеге асырылуда. Мұнда жас мамандарға 1 млн теңге көлемінде бірреттік көтермеақы беріліп жатыр. Қолдауақы алған ақхалаттылардың бірі – Мақсат Қалбаев. Елордада жоғары білім алған абзал жан кіндік қаны тамған өңірде еңбек етуді қалаған.

МАҚСАТ ҚАЛБАЕВ, №1 қалалық емхананың жалпы тәжірибелік дәрігері:

— Кішкентай кезімнен осы салада істеуді армандаушы едім. Енді арманыма жетіп, өз өңіріме келіп, жұмыс істеудемін.

Бағдарлама талаптарына сәйкес, көтермеақы алған маман кемінде 5 жыл бойы осы емханада жұмыс істеуге міндетті. Бұл шарт кадрлардың тұрақтап қалуына, тәжірибесін жетілдіруіне және медициналық қызмет сапасын арттыруға ықпал етеді. Қолдауқы жас дәрігерлердің үй жалдау, көшу шығындары және алғашқы қажеттіліктерін өтеуге септеседі.

АЛИНА ИСМУРЗИНА, №1 қалалық емхананың бөлім меңгерушісі:

— Қазір кейбір мамандар жетіспеуде. Олардың орындарын толықтыруға тырысудамыз.

1-ші емхананың қалада үш филиалы бар. Үшеуін қосқанда жүзден астам ақхалатты жұмыс істейді. Биыл қатарға 17 дәрігер қабылданса, соның 5-еуі – жас мамандар. Өңірдің денсаулық сақтау саласында кадр тарту ісінде алғажылжушылық бар болғанымен, маман тапшылығы мәселесі әлі де өзекті күйінде қалып отыр. Бұрындары салада 200-ден астам дәрігер жетіспесе, қазір 150-ге жуық ақхалатты керек.

 

Мәдина Қаби