БалаларБілім

Жас тапқырлардың басын тоғыстырған байқау

Оқушылар сарайында ғылыми жобалар бойынша республикалық байқаудың облыстық кезеңі өтті. Биыл сайысқа 600-ге жуық бала қатысып, 500-ге тарта еңбек ұсынды. Яғни, кейбірі жұптасып бақ сынаған. Қатаң іріктеуден кейін 91 жобамен 118 қатысушы ғана қалған. Солардың бірі – Нұрхан Болатбек. Ол жасанды интеллектінің көмегімен жоба әзірлепті.

НҰРХАН БОЛАТБЕК, байқауға қатысушы, Айыртау ауданы:

— Мен Айыртау ауданынан келіп отырмын. Алып отырған тақырыбым – жасанды интеллект арқылы геометриялық фигураларды тану және оның қасиеттерін түсіну. Мақсатым – бірінші орын алу, тәжірибе жинақтау.

Байқау ашық көрме-жәрмеңке форматында өтті. Әр қатысушы өз идеясын комиссия мүшелеріне стенд арқылы таныстырды. Ұсынылған жұмыстар төрт негізгі бағытты қамтыды. Олар: ғылыми техникалық прогресс, метаматикалық модельдеу, экология және денсаулық, тарих пен мәдениет.

БАҚЫТ ҒАБДУЛЛИНА, “Қызылжар дарыны” дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығының директоры:

— Бәсі биік сайысқа 8-ші және 11-ші сынып оқушылары қатысып жатыр. Байқауды ұйымдастырудағы мақсат – жеңімпаздарды анықтау ғана емес, ең алдымен оқушылардың ғылыми-зерттеу бағытына деген қызығушылығын арттыру, өңірдің дарынды жастарын қолдау.

Байқаудың қорытынды кезеңі алдағы ақпан айында Астана қаласында өтеді.

 

Мәдина Қаби