Балалар

СҚО-да биыл 200 бала шала туған

Елімізде жыл сайын 20 мыңнан астам бала шала туады. Бұл барлық дүниеге келген сәбилердің шамамен 5 пайызын құрайды. Биыл облыстық перинаталдық орталықта 3 жарым мыңнан астам бала дүние есігін ашқан. Соның 200-і мерзімінен бұрын туыпты. “Бұған себеп – әйелдердің алдын ала дәрігерге барып қаралмауы”,- дейді мамандар. Жасырын қалған сырқат кейін жүктілікке кері әсер етеді.

НАТАЛЬЯ САЛОХИНА, облыстық перинаталдық орталықтың неонатология блогының жетекшісі:

— Шала туған шақалақтардың салмағы 2 жарым келіден аспайды. Ең азы – 500 грамм. Мұндай балалар 25-ші немесе 30-шы аптада дүниеге келеді. Содан кейін оларды анасынан бөлек вакуумға жатқызамыз. 40 аптадан асқанда ғана өзге балалардың қатарына енеді№

Қазір ана мен бала мекемесіндегі жаңа туған нәрестелер паталогиясы бөлімшесінде 18 нәзікжанды жатыр. Оның 16-сы – шала туған баламен. Гүлбану Зиябек жуырда тұңғыш сәбиін дүниеге әкелді. Жүктіліктің 30-шы аптасында босанған қызының салмағы небәрі бір жарым келіден асқан. Кішкентай Айзеренің жағдайы қазір жақсы, білікті мамандардың бақылауында.

ГҮЛБАНУ ЗИЯБЕК, қала тұрғыны:

— Бұл біздің 4 жылдан бері күтіп жүрген бөпеміз. Толғақ уақытынан бұрын ерте келіп қалды. Қазір қызым жақсы дамуда. Мамандарға үлкен рахмет. Жақсы күтуде.

17 қараша – Халықаралық шала туған балалар күні. Айтулы күнге орай облыстық перинаталдық орталықта шағын мерекелік шара өтті. Оған облыстық ардагерлер кеңесі жанындағы “Күміс еріктілер” ұйымының мүшелері қатысты. Белсенді жандар жүннен шақалақтарға арнап киім-кешек тоқып әкелген. Мейіріммен өрілген дүние анасынан бөлек жатқан сәбиге жылу сыйлары сөзсіз әрі тезірек дамуына ықпал ететін көрінеді.

СӘУЛЕ ТАХМЕТОВА, облыстық ардагерлер кеңесі жанындағы еріктілер ұйымының жетекшісі:

— Біз жыл сайын перинаталдық орталыққа келіп, сыйлық сыйлауды дәстүрге айналдырдық. Шала туған балалар үшін арнайылап киім дайындаймыз. Оның жібі де бөлек таңдалады, өлшемі де кішірек болуы керек. Біздің қатарымыздағы 10-ға жуық нәзікжанды осындай жұмсақ шұлық, бас киім тоқи алады.

Өткен жылы орталықта шала туған және ақаулығы бар балаларға арналған “Қамқорлық” ерте дамыту орталығы ашылған болатын. Мұнда бүгінге дейін 200-ге жуық бала ем алған. Олар 3 жасқа дейін 2-3 курстан тұратын 15 күндік оңалту шараларынан өтеді.

 

Мәдина Қаби