Солтүстікқазақстандық бишілер әлемді бағындыруды жалғастыруда. Бұл жолы “S’avancer” би мектебінің оқушылары Астанада өткен халықаралық турнирде топ жарды. 9 мемлекеттің басын қосқан сайыста жерлестеріміз 3 алтын, 1 күміс және 1 қола медаль еншіледі.
ЯРОСЛАВА КУЗНЕЦОВА, “S’аvancer” би мектебінің жатықтырушысы:
— Біздің бишілер 2 жас санаты бойынша сынға түсті. Яғни 8 жас пен 10 жасқа дейінгілер арасында. Әлем чемпионатына сайдың тасындай іріктеліп алынған биші қыздарымызды апардық. Дайындық барысы ұзақ әрі қиынға соқты, бірақ шәкірттеріміз үмітімізді ақтады.
Турнирде оқ бойы оза шапқан бишілердің қатарында Оливия Колесниковада бар. Ол небәрі 8 жаста. Осыған қарамастан биші қыз қос жас санаты бойынша сынға түсіп, екі дүркін әлем чемпионы атанды.
ОЛИВИЯ КОЛЕСНИКОВА, спорттық бал биі бойынша екі дүркін әлем чемпионы:
— Қарсыластарым мықты болды, бұл сайыста барымды салдым. Еуропалық бағдарламада екі жас санаты бойынша жеңімпаз атандым. Жалпы, менің бимен айналысып жүргеніме 5 жылдан асады.
Әлем чемпионатының жүлдегерлері қатарында Ульяна Хомутовская да бар. Ол бимен 3 жасынан айналысып келеді. Астанадағы турнир талантты жас үшін бірінші халықаралық деңгейдегі сайыс болып отыр.
УЛЬЯНА ХОМУТОВСКАЯ, спорттық бал биі бойынша әлем чемпионатының қола жүлдегері:
— Әлем чемпионатында қарсыластарым мықты болды. Мен латиноамерикалық бағдарламада өнер көрсеттім және ча-ча, самбо, джайв билерін биледім.
Алдағы уақытта Алматы қаласында спорттық бал биінен ҚР чемпионаты өтеді. Өнер жарысына “S’avancer” бишілері де қатысады. Қыздар дайындыққа бүгіннен бастап кірісіп кетті.
Ұлан Ыдырыс