Вознесенка ауылдық клубында украин этномәдени орталығы – “Хуторянканың” 20 жылдық мерейтойына арналған мерекелік кеш өтті. Бірнеше ауылдан жиналған шығармашылық ұжымдар сахна төрін ән мен әуезге бөлеп, өз өнерін ортаға салды. “Хуторянка” ұжымының құрылу тарихы да қызық: кезінде совхоздық хорда бірге ән салған әйелдер хор жабылған соң жан-жаққа тарап кеткен. Кейін ауылда мерекелік іс-шара өткізу қажет болғанда Наталья Пересыпкина бұрын хорда ән айтқан әйелдерді қайта жинап шыққан. Барлығы бірдей келісіп, тіпті аспапсыз-ақ, жанды дауыстағы орындауларымен алғашқы концерттерін қойған.
НАТАЛЬЯ ПЕРЕСЫПКИНА, “Хуторянка” украин этномәдени орталығының жетекшісі, Қызылжар ауданы:
— Біздің ұжым-жасы үлкен, тәжірибесі мол аналардан құралған. Ең жасы қырықта, ал қалғандары – зейнет жасындағы, өмір көрген, өнерге адал жандар. Репертуарымыз ауқымды. Біз осы бай мұраны жас ұрпаққа жеткізуді, олардың да өнердің қадірін түсініп, жалғастыруын қалаймыз.
Қазір “Хуторянка” ұжымының репертуарында орыс, украин және казак халықтарының әндері бар. Біраз ұлттың мәдени мұрасын үйлесіммен өрген өнерпаздар әрбір туындыға өзіндік шырай беріп, тыңдарманның жүрегіне жылулық ұялатуда. Өнер мерекесінде көзге түскен ұжымдардың бірі – “Лейся, Песня”.
ЕКАТЕРИНА МАСЛОВА, “Лейся, Песня” халықтық вокалдық тобының мүшесі, Петропавл қаласы:
— Бізді “Хуторянка” ұжымымен көпжылдық шығармашылық байланыс біріктіреді. Екі топ та түрлі іс-шараларда қатар өнер көрсетіп, өзара тығыз қарым-қатынас орнатқан. Сол себепті, олардың мерейтойына біз де арнайы дайындалып, өз нөмірлерімізді ала келдік.
Концертке қатысқан әр ұжым мерейтойдың сәнін келтіріп, өз өнерімен кештің мазмұнын байытты.
Жангельдi Жамалиев