Биыл әйгілі академик, тарих ғылымдарының докторы Манаш Қозыбаев туғанына – 94 жыл. Айтулы датаға орай ұлт жанашырының есімі берілген жергілікті университетте бірнеше шара өтті. Салтанатты жиын біртуар тұлғаның ескерткішіне гүл шоқтарын қоюмен басталды. Айтулы датаға орай білім ордасының 6 корпусы адам танымастай өзгерді. Біртуар азаматтың өмір жолынан сыр шертер көрме қанат жайды. Мұндағы суреттер мен кітаптарға қарап Манаш Қабашұлының елдің дамуына қосқан үлесі зор екенін көруге болады. Бүгінгі шараның ең басты жаңалығы – академиктің құрметіне ашылған аудитория болды. Бұдан былай мына кабинетте академиктің артынан қалдырып кеткен мұрасы зерделенетін болады. Шара аясында айтулы оқиға орын алды. Жергілікті университеттің ақылы негізде оқитын 15 студенті грант иегері атанды.
ЭЛЬДАР ВЕРХОВНИКОВ, М.Қозыбаев атындағы СҚУ студенті:
— Университетте “Дене шынықтыру және спорт” мамандығы бойынша тәлім аламын. Бұл мен үшін үлкен сыйлық болды. Бұған дейін оқуға айына 61 мың теңге төлейтінмін. Грантқа спортта жеткен жетістіктерім үшін ие болдым. Өзім биатлонмен 7 жылдан бері айналысамын. Осы уақыт ішінде ел чемпионатында бірнеше рет жүлдегер атандым.
Манаш Қозыбаев – еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін алғаш болып ұлт тарихын көтерген ғалымдардың бірі. Белгілі қайраткердің қалдырып кеткен еңбектері өскелең ұрпақ үшін аса маңызды. Университетте бұл жұмыспен Зылиха Бимақанова айналысады. Тарих ғылымдары кандидатының “Манаштану” пәнінен дәріс оқып жүргеніне 25 жылға жуықтаған. Айтуынша, академик соғысқа қатысқан солтүстікқазақстандықтардың тағдырын зерттеуге зор үлес қосқан.
ЗЫЛИХА БИМАҚАНОВА, Қозыбаев университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы:
— Манаш Қабашұлы ҰОС-қа қатысқан солтүстікқазақстандықтарды зерттеп, “Боздақтар” кітабының жарық көруіне мұрындық болған. Қожаберген жыраудың да өмір жолына терең бойлаған.
Келесі жылы Манаш Қозыбаевтың туғанына 95 жыл толады. Тарихи тұлғаның мерейтойына университет ұжымы ауқымды іс-шаралар өткізбек.
Нұрасыл Ахмет