Құқық қорғау органдары

Заңсыз тасымалға тосқауыл: Петропавлда көлеңкелі таксиге қатысты кеңес өтті

«Amanat» партиясының алаңында полицейлер мен мемлекеттік органдар өкілдері заңсыз жолаушы тасымалы мәселесін шешу үшін бас қосты. Рұқсатсыз тасымал жол қозғалысы қауіпсіздігіне айтарлықтай қауіп төндіреді. «Көлеңкелі» таксилердің жүргізушілері жол ережесін жиі елемейді, ал олардың жолаушылары бастарын тәуекелге тігіп жүреді. Мұндай жағдайда адамның өмірі мен денсаулығына ешбір тарап ресми жауап бермейді.

СЕРІК ӘЛЖАНОВ, СҚО ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы:

— Қосалқы шығу есіктерін, өрт сөндіргіштерді тексереміз. Жедел алдын алу шарасы кезінде автобустар үнемі бақылауда болады. Ал дәл сол заңсыз таксилер әзірге назардан тыс қалып жатады.

Кездесу үш күнге созылған «Тасымалдаушы» жедел-алдын алу іс-шарасы аясында өтті. Тексеру нәтижесінде 24 заңсыз тасымал фактісі, 5 заңсыз қайта жабдықтау жағдайы және техникалық байқаудан өтпеген көлікпен жолаушы тасымалдаудың 32 дерегі анықталды. Бұдан бөлек, мас күйінде көлік жүргізген бір тұлға ұсталды. Мәселені тек жазалау шараларымен шешу мүмкін емес екені айқын. Сол себепті, кездесуде полиция қызметкерлері «көлеңкелі таксистерді» заңдастыру жолдарын талқылауды ұсынды.

АЛЕКСАНДРА СЫСОЕВА, «Петропавл автовокзалы» ЖШС директоры:

— Мысалы, тапсырыспен жүру жүйесін енгізейік. Біз оларды өз бағдарламамызға қосамыз, ал жолаушы ашып, қай уақытта жолға шығуға болатынын көреді.

Бұл жұмыстың мақсаты – «жеке тасымалдаушыларды» жолдан ығыстыру емес, оларды заң аясында жұмыс істеуге шақыру. Бұл өз кезегінде жүргізушілер мен жолаушылардың қауіпсіздігін арттыруға, жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған. Кездесу нәтижесінде бірқатар ұсыныс жасалды. Автовокзал базасында тасымалдаушыларға қолайлы жағдай жасау көзделіп отыр. Сонымен қатар, полицейлер мен көлік бақылау инспекциясына «көлеңкелі тасымалмен» айналысатындарды анықтау бойынша рейдтерді күшейту ұсынылды.

 

Мәдина Қаби