«Айна-Көз» орталығының негізі өткен ғасырдың соңында қаланды. Осы уақыт ішінде мекеме мамандары 30 мыңнан астам адамға ота жасаған. Мұндағы білімді де білікті ақхалаттылар жанарынан айырылған талай жанға көру мүмкіндігін сыйлады. Бүгін Петропавлда медициналық орталықтың екінші филиалы ашылды.
ОЛЕСЯ ЛЕОНТЬЕВА: “Айна-Көз” орталығының бас директоры:
— Жыл сайын пациент саны еселеп артуда. Шыны керек, бұған дейін бізге науқастарды барлығын бір мезетте қабылдау мүмкін болмады. Ұзын-сонар кезек қалыптасып жүрді. Сол себепті, біз қаламызда «Айна-Көз» орталығының екінші филиалын ашуды ұйғардық. Мұнда керектінің бәрі бар. Қондырғыларымыздың барлығы жап-жаңа.
Айта кету керек, халықаралық стандарттарға сай келетін емдеу мекемесі облысымызда ғана емес, көрші елдерге де танымал. Талай жанға үміт сыйлап, ризашылығын алған мекеме дамудың даңғыл жолында. Жаңадан ашылған орталықта “глаукома”, “катаракта” сынды аурулар емделеді. Тіпті, көзге жұмсақ қабыршақ орнатуға да мүмкіндік бар.
ВЛАДИМР ДУБРОВИН, «Айна-Көз» орталығының дәрігер-офтальмологы:
— Орталықта еңбек етіп жүргеніме 5 жылдан асты. Мен жаңадан әкелінген лазерлік түзету аппаратымен жұмыс істеймін. Бұл жаңа қондырғыны өңірімізде ең алғаш болып біз қолданып жатырмыз. Оның денсаулыққа мүлдем зияны жоқ, отаны 5-7 минут ішінде жасауға болады. Уақыт та үнемделеді, операция да сәтті өтеді.
Жыл сайын ақхалаттылар шекара асып, әлемнің алдыңғы қатарлы емханаларында біліктіліктерін арттырады. Бүгінде мамандар 100-ден астам қызмет түрін ұсынады. Орталықта МӘМС (міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру) арқылы да емделуге болады. Ал ақылы негіздегі отаның құны – 420 мың теңге. Айта кету керек, филиалдың ашылуына орай науқастарға 250 мың теңгеге дейін жеңілдік қарастырылған. Нысан Назарбаев көшесі, 339 б мекенжайында орналасқан.