СҚО әкімдігі

Өңірге ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Сергей Пономарев келді

Парламент Мәжілісінің депутаты Сергей Пономарев өңірдегі этномәдени бірлестік өкілдерімен жүздесті. Достық үйінде өткен кездесуде елдегі татулық пен бірлік төңірегінде мазмұнды әңгіме өрбіді.

СЕРГЕЙ ПОНОМАРЕВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

— Бұл ортада шынайы тұрақтылық сезіледі. Адамдар бірін-бірі тыңдайды, түсінеді, ортақ ой табуға тырысады. Әрқайсысыңыздың жүзіңізден татулық, достық лебі сезіледі. Осындай береке мен бірлік қоғамның тыныштығын сақтауда маңызды рөл атқарады.

Кездесуде сөз алғандардың ішінде №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінің директоры Ләззат Жалмұқанова да болды. Аталған оқу ордасында 10-нан астам этнос өкілінің ұйымдары құрылған. Бүгінде жұмыс істеп, ортақ үйіміз – Қазақстанның бейбітшілігі мен дамуына үлес қосуда. Білім ұясының ұжымы жақын уақытта түрік этномәдени бірлестігін ашуды жоспарлап отыр.

ЛӘЗЗАТ ЖАЛМҰҚАНОВА, №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінің директоры:

— Біздің мектепте әр этнобөлімнің жұмысын жүргізіп отырған мұғалімдер бар. Олар – өз бөлімдерінің жетекшілері, мәртебесі бар білікті мамандар. Ұлағатты ұстаздардың санат алу мүмкіндігі де қарастырылған. Сонымен қатар, әріптестерім өздері оқытатын тіл бойынша сыртта курстан өту мүмкіндігіне ие. Мысалы, тәжік тілін алайық. Мұғалім Тәжікстанда біліктілік арттыра алады.

Сергей Пономарев Ләззат Жалмұқанованың сөзін тыңдай отырып, оның мектептегі тиянақты еңбегі мен балаларды бірлікке тәрбиелеуге қосып жүрген үлесін жоғары бағалады. Парламент Мәжілісінің депутаты ұсыныс тыңдауға дайын. Ол жерлестеріміздің көкейінде жүрген мәселелерді билікке жеткізіп, шешіп, көмек көрсетуге дайын.

СЕРГЕЙ ПОНОМАРЕВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

— Мен – халықтың ұсыныс-тілегін тыңдап, жоғарыға жеткізетін адаммын. Бұл – менің тікелей міндетім. Егер айтарларыңыз болса осы жерде естіп, талқылауға дайынмын. Өңірлердегі кейбір мәселелер осындай тәсіл арқылы шешіліп жатады.

Халық қалаулысымен кездесуде айтарлықтай мәселе көтерілмеді. Тараптар бір-біріне сәттілік тіледі, жиын соңында естелік суретке түсті.

 

Жангельдi Жамалиев