Петропавлда қазақ вальсінің королі атанған Шәмші Қалдаяқовтың әндері әуелеп, 95 жылдығына арналған “Менің Қазақстаным” облыстық байқауы өтті. Өңірдің түкпір-түкпірінен жиналған 17 қатысушы Шәмшінің сырлы әуеніне өз үнімен жаңа бір бояу қосты. Әр орындаушы үшін бұл – жай байқау емес, ән арқылы халық рухына жол салатын жауапты сәт болды.
ЕРКЕБҰЛАН ЕРСАЙЫНОВ, байқауға қатысушы,Петропавл қаласы:
— Байқауда мен Шәмші Қалдаяқов атамыздың «Қайықты» әні мен өзімнің авторлық туындымды орындаймын. Мұндай шаралардың өнер жолында жүрген жандар үшін пайдасы зор.
Қазылар алқасының мүшесі Қайырлы Ғафуров орындаушылардың өнеріне жіті назар аударды. Білікті маманның кәсіби көзқарасы, тәжірибесі мен талғамы оқшау беделге ие.
ҚАЙЫРЛЫ ҒАФУРОВ, Сегіз сері атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің көркемдік жетекшісі:
— Шәмші Қалдаяқов сияқты нар тұлғалар ешқашан ұмыт қалмауы тиіс. Сонымен қатар, ұлттық өнеріміздің ұлықталуы да басты міндет болып саналады.
Шара соңында үздік өнер көрсеткендер диплом мен ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Шәмші атамыздың әндері тағы бір мәрте сахна төрінде қалықтап, тыңдарман жүрегінде әсем үнін қалдырды.
Жангельдi Жамалиев