Мәдениет

Мәлік Ғабдулиннің туғанына – 110 жыл

Кеңес Одағының батыры, жазушы Мәлік Ғабдуллиннің 110 жылдық мерейтойына арналған еске алу кеші бүгін С.Мұқанов атындағы облыстық кітапханада өтті. Шараға Қожаберген жырау атындағы 6-шы мектептің оқушылары мен ұстаздар қатысты. Іс-шара Мәлік Ғабдуллиннің өмірі мен шығармашылығына арналған көрмеден бастау алды. Көпшілік назарына батырдың жеке мұрағатынан алынған суреттер, майдан жылдарынан қалған материалдар және жазған еңбектерінің көшірмелері қойылды. Кеште мектеп оқушылары батырдың ерлігі туралы өлеңдер оқып, майдан хаттарынан үзінділер жеткізді. Сонымен қатар, әдеби-музыкалық композиция ұсынылып, әдебиет зерттеушісі Мәлік Ғабдуллиннің Отанына арнап жазған өлеңдері жайлы айтылды.

АДАЙ ӘБІЛМӘЖІНОВ, оқушы:

— Бұл кісі жайлы аса қатты білмейтін едім. Бүгін жаңа ақпар алдым. Оның кедей отбасыдан шыққанын, өмірде біраз қиыншылық көргенін білдім.

Ұйымдастырушылар батырдың өнегелі өмірін тілге тиек етіп, оның Отанға деген сүйіспеншілігі мен азаматтық ұстанымы бүгінгі ұрпаққа әрқашан үлгі болатынын атап өтті.

ЕҒЗАМ ЗАҒИПА, С.Мұқанов атындағы облыстық кітапхананың кітапханашысы:

— Іс-шараның мақсаты – келешек ұрпаққа ақындарымыз жайлы түсіндіру. Олар қазақта қандай ғұлама ақындардың болғанын білуі қажет.

Шара соңында оқушылар ерлік сабағын қорытындылап, Мәлік Ғабдуллин сынды тұлғалардың тағылымды жолы ешқашан ұмытылмайтынын жеткізді.

 

Мәдина Қаби