Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында есеп беру кезегі Есіл ауданының әкімі Мереке Мұхамедияровқа келді. Дәстүрге сай баяндама оқылды. Атқамінер алға қойған жоспармен бөлісті, жыл басынан бері атқарылған істерді баян етті. Басшының сөзінен аталған аймақтың дамудың даңғыл жолында екенін көруге болады.
МЕРЕКЕ МҰХАМЕДИЯРОВ, Есіл ауданының әкімі:
— Биыл ауданға 4 млрд 500 млн теңге бөлінді. Тұрғындардың орташа жалақысы 284 мың 500 теңгені құрайды.
Аудан экономикасының негізгі бағыттарының бірі – ауыл шаруашылығы. Биыл аталған аймақ бойынша егіс науқанына 87 серіктестік шықты. Олар барлығы 280 мың гектар аумаққа дән сіңірді. Мол көлемде өнім алу мақсатында 5 млрд теңгеге 250 техника мен 22 мың тонна минералды тынайтқыш сатып алынған. Қажырлы еңбек пен мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың арқасында ауданда орақ науқаны ойдағыдай өткен.
МЕРЕКЕ МҰХАМЕДИЯРОВ, Есіл ауданының әкімі:
— Ағымдағы жылы диқандар 460 мың тонна дәнді дақыл жинады. Орташа шығымдылық гектарына 25 центнерді құрады. Майлы дақылдардың егіс көлемін 31 гектарға ұлғайттық.
Есіл ауданында ауыл тұрғындарының жағдайын жақсарту бағытында бірқатар жұмыс атқарылған. 30 шақырымға жуық жол жөнделген, елді мекендердің дені орталықтандырылған сумен қамтылған. Атқарылған маңызды істердің нәтижесінде ауданға 120-ға жуық қоныс аударушы көшіп келген. Бұл аудандағы кадр тапшылығының азаюына септесті. Өндірісі өрге жүзген, инфрақұрылымы алға басқан аймақта назар аударарлық мәселе жоқ емес. Солардың бірі брифингіде көтерілді.
МЕРЕКЕ МҰХАМЕДИЯРОВ, Есіл ауданының әкімі:
— Ендігі жылы Корнеевкадан Ақтасқа дейін тақтайдай тегіс асфальт төсеуді жоспарлап отырмыз. Жобалық-сметалық құжаттама дайындалды. Маңызды іске 1 млрд теңге қаржы бағытталады.
Бұл жаңалықты естіп, тұрғындардың қуанышы қойнына сыймайтыны айдан анық. Тек берілген уәде құр сөз күйінде қалып кетпесе болғаны.
Нұрасыл Ахмет