Қоғам

Аққайың ауданында облыс әкімі берген тапсырмалар орындалды ма?

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Аққайың ауданының әкімі Жанар Құсайынның қатысуымен брифинг өтті. Облыс орталығына жақын орналасқан ауданда ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктер жетерлік. Қай сала болмасын өсім байқалады.

ЖАНАР ҚҰСАЙЫН, Аққайың ауданының әкімі:

— Ағымдағы жылдың қаңтар-қазан айларында ауданға тартылған инвестиция көлемі 15,2 млрд теңгені құрады. Негізгі капиталға қаржы құю жалғасуда. Жыл қорытындысы бойынша 23 млрд теңге күтіледі. Бұл өткен жылға қарағанда 6 млрд-қа көп. Сонымен қатар, Смирновода әлеуметтік осал топтағы отбасыларға арналған 27 баспана салынуда. Маңызды іске 420 млн теңге бағытталды. Барлық елді мекен сапалы интернетпен қамтылған.

Ауданда биыл 841 млн теңгеге 44 шақырым жол жөнделген. Ауылдардың барлығы дерлік таза ауыз сумен қамтылған. Мақтауға тұрарлық жайт, кәсіпкерлер елді мекендерді көркейтуге 1 млрд теңгеден астам қаржы құйыпты. Бірнеше беттік баяндама аяқталғаннан кейін кезек сұрақ-жауапқа келді. Былтыр Шағалалы ауылындағы мектептің педагогтары нысанның іші суық екенін айтып, қаптауды сұраған болатын. Жанар Поселкеқызы бұл мәселе шешілгенін айтты.

ЖАНАР ҚҰСАЙЫН, Аққайың ауданының әкімі:

— Жергілікті серіктестіктің көмегімен мектеп жөндеу көрді. Маңызды жұмысқа 5 млн теңгеге жуық қаржы жұмсалды.

Жаңа Смирновода әлеуметтік осал топтағы отбасыларға арналған 27 баспана салынып жатыр дедік. Өңір жетекшісі аталған ауданға жұмыс сапары барысында тұрғын үйлерден бірнеше олқылық тауып, аудан әкіміне мәселені тез арада шешуді тапсырған. Берілген тапсырма бірден орындалыпты.

ЖАНАР ҚҰСАЙЫН, Аққайың ауданының әкімі:

— Жауапты мердігер баспаналардың терезесін түгелімен ауыстырды. Жұмысты біз жіті бақыладық.

Ауданда білім саласына да ерекше көңіл бөлінген. Биыл 300 млн теңгеге жуық қаржыға 3 бірдей мектеп күрделі жөндеу көрген.

 

Нұрасыл Ахмет