Мәдениет

Статистика саласының мамандары марапатталды

Статистик мамандар жуырда кәсіби мерекелерін атап өтті әрі Қазақстан Республикасының мемлекеттік статистика органдарының құрылғанына биыл 105 жыл толып отыр. Айтулы датаға орай “Qyzylzar” креатив орталығында сала мамандары марапатталды. Шараға облыс әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов қатысты.

ЖҮСІП ЖҰМАҒҰЛОВ, СҚО әкімінің орынбасары:

Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын. Мемлекеттік статистика үлкен жолдан өтті. Қоғамның экономикалық және әлеуметтік өмірінде болып жатқан құбылыстарды зерттеуде үлкен тәжібрие жинақтады.

Саланың маңдайалды мамандарына бірқатар марапат табыс етілді. Облыстық бейінді департамент басшысының орынбасары Марал Нұржауыпова есеп-қисап бағытында 30 жыл тер төгіп жүр. Білікті маман бүгін Алғыс хат алды.

МАРАЛ НҰРЖАУЫПОВА, ҚР Ұлттық статистика бюросы СҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары:

Қатардағы жас маманнан басшының орынбасарына дейін көтерлдім. Мұның барлығы – зор еңбек. Статистика – бұл ғылым. Бәлкім, сол себепті жастардың көбі бізге келе бермейді. Жұмысымыз асқан жауапкершілік пен ой ұшқырлығын талап етеді.

Статистика саласының ардагерлері де ұмыт қалмады. Талай жыл аянбай еңбек еткен жандарға да түрлі деңгейдегі марапаттар табысталды.

ЛЮДМИЛА ЕЛЬЦОВА, сала ардагері:

Мен еңбек жолымды 1989 жылы бастадым. Ол кезде қазіргідей компьютерлер жоқ. Қолымызда тек үлкен шот машиналар болды. Жұмыс істеу оңайға соққан жоқ, бірақ өзіндік қызығы болды. Ал қазір қағазбастылықтан алыстаған, барлығы автоматтандырылған.

Шара барысында 30-ға жуық маманның еңбегі еленіп, қошеметке бөленді. Жалпы, бүгінгі таңда статистика департаментінде 100-ге жуық маман еңбек етеді.

 

Ақтолқын Солтанханқызы