БалаларҚоғам

СҚО-да жыл басынан бері 20 адам буллинг жасағаны үшін жауапкершілікке тартылды

Буллингтің салдары мен оның алдын алу жолдары Ескендір Дәуітов атындағы қызмет көрсету саласы колледжінде талқыланды. Шараға ювеналды полицейлер мен психологтар қатысты. Мамандардың сөзінше, жастар арасында қоқан-лоқы көрсету тек физикалық агрессиямен шектелмейді. Оған қорлау, кекету, өсек тарату сияқты психологиялық қысымдар да жатады. Сонымен қатар, жиында әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі кибербуллинг мәселесіне де ерекше назар аударылды. Тәртіп сақшыларының айтуынша, баланың жасына қарай жауапкершілік те әртүрлі болады. 12-16 жас аралығындағы жасөспірім заң бұзса, айыппұл ата-анасына салынады. 16 жастан бастап бала істеген ісі үшін өзі жауап береді. Айта кету керек, жыл басынан бері облыста 20 адам қатарласына қысым көрсеткені үшін жауапкершілікке тартылған.